Көзі соқыр көкірегі ояу

Қайырымдылық

Ол Атырау қаласын дамытуға арналған бірнеше жобаның жетекшісі, десе ойыңызға қандай адамды елестетер едіңіз? Сұхбаттасушым көбінің ойына бірінші келетін кәсіпкер немесе қоғам қайраткері емес, туғалы жарық дүниені көрмеген, жарық пен қараңғыны ажырата білмейтін 28 жастағы атыраулық Айбек ИДАЯТОВ.

Халықаралық зағиптар күні қарсаңында онымен қала өмірінің зағиптарға бейімділігі туралы әңгімелескен едік.  

Айбек 1992 жылы Атырау қаласында өмірге келген. Әке-шешеші де бірін-бірі көрмей қосылған 1 топ көз мүгедектері. Өзімен бірге туған ағасы мен інісі ғана көру бақытына ие болған.  

– Бірінші сыныптан сегізінші сыныпқа дейін Алматы қаласындағы зағиптарға арналған арнайы мектепте, одан 11 сыныпқа келгенше Орал қаласындағы арнайы мектепте брайл жүйесімен білім алдым. Мектепті аяқтаған соң Каспий өңірінің қазіргі замаңғы колледжіне оқуға түсіп, онда заңгер мамандығы бойынша сау адамдармен қатар білім алып шықтым, – деп бастады ол әңгімесін өзінің балалық шағы туралы.

Білімің болса соқырмын деме

Колледж  қабырғасында жүргенімде кемсіту көрмей сау адамдарша білім алуыма ұстаздар мен группаластардың қолдауы зор болды. Ұстаздар оқыған лекцияны мен өзімізге брайл жүйесімен жазып алатынмын ал, үлгермей қалған жерімді үзіліс кезінде группаластарым дауыстап оқып беретін. Соның нәтижесінде оқудан қиындық көрмей, ел қатарлы біліп алып шықтым. Бір ғана мәселе қаланың мүгедектерге бейімделмегені, қоғамдық көліктерде аялдаманың атын хабарлап тұратын құрылғылардың жоқтығы сабаққа келіп кетуіме қиындық туғызды. Аялдама мен жүргіншілер жолын тіпті маршруттардың номерін білу үшін біреудің көмегіне жүгіну қажет болады. Осындай кемшіліктерді білім іздеген меннен кейінгі соқыр жандар көрмесін деген мақсатта оқу бітірген соң 2015 жылы «Жақсылық жолы» деп аталатын қоғамдық бірлестік аштым. Мақсаты қаланы мүгедектерге ыңғайлы ету, зағип жандарға компьютер үйретуге арналады.

Айбектің айтуынша, қазір Қазақстан бойынша барлық зағиптар сөйлеу құрылғысы орнатылған компьютерлермен қамтылған. Алайда көпшілік оны пайдаланып білмегендіктен сөйлейтін құрылғысын алып тастап компьютерді үйдегі туыстарына беріп қойған.

Қазіргі кезде ватсаптан арнайы топ ашып, компьютер үйренгісі келетін зағиптарды қашықтықтан оқытып жатырмын. Ең бастысы қазір дамыған технология смартфон мен компьютерді меңгерсең, көзім соқыр деудің қажеті жоқ. Мысалы мен егер қажеттілік туындаса қаланың кез келген нүктесін тауып бара алмын. Себебі қазір такси де, ақша да, геоақпарат бәрі телефонда. Егер бір нәрсені оқу немесе түс ажырату қажет болса смартфонда «Be My Eyes» қосымшасын пайдаланамын. Оған қоңырау шалсақ 2 минут ішінде еріктілер қоңырауға жауап береді. Сөйтіп қай жерде тұрғанымды, қандай түс екендігін, солардан сұраймын. Қазір қалтаңдағы карточкалардың қайсысы банкомат, қайсысы жеке куәлік, қайсысы смарт карта екенін білмейсің. Бұл қосымшаны көбіне дүкенге кірерде ақшаны ажыратуда пайдаланамын. Өзім секілді зағиптарға айтарым заманауи технологияны үйренсе бәрінің шешімін табуға болады.

Сонымен бірге, Айбек елімізде Атыраудан алғаш рет қаланы мүгедектерге қолжетімді қылуға арналған «Сөйлейтін қала» жобасын қолға алған. Бұл жоба үкіметтен қолдау тапса кез келген зағип жан көшеде еркін жүре алар еді, дейді ол. Жобаның ең бірінші қарапайым жұмысы әр мекеменің есігіне мекеменің атауын, жұмыс кестесін зағиптарға арналған брайл жүйесімен жазуды енгізу. Сол кезде зағиптар біреудің көмегіне мұқтаж болмайды. Қазір бұл жүйені жұмыспен қамту орталықтары мен емханалар қолға алып жатыр.

Қазіргі кезде қала зағиптарға қаншалықты қолжетімді, қандай нәрсе жетіспейді?

Жергілікті әкімдік мүгедектерге қолайлы жағдай жасауды қолдаймыз деп айтады. Дегенмен олар халыққа жасаған әр жұмысын бізбен ақылдаспаса бәрі бекер. Мысалы қазір жолдар кеңейтіліп, жаяу жолдар жаңғыртылуда. Бірақ олар зағиптарға бейімделмеген. Біз жаяу жолмен келе жатып қай жерде өту жолағы тұрғанын білмейміз. Яғни үйден шығып өз еркімізбен бір жерге бара алмаймыз. Жыл басында қалаға 100-ден аса қоғамдық көлік сатып алынды. Бірақ ішінде аялдамаларды хабарлап тұратын құрылғылар орнатылмаған. Оның бәрі мүгедектермен тығыз байланыста жұмыс жасамағанның кесірінен.

Жоба аясында өз тараптарыңыздан қандай жұмыстар жасап жатсыздар?

«Жақсылық жолы» жобасында қазір үш адам бармыз. Екеуі арбада отыратын мүгедек. Өйткені мен арбада отырмағаннан кейін пандустар туралы кемшілікті түсіне алмаймын.

Қазіргі кезде сауда үйлерімен сөйлесіп, өздерінің нысандарын мүгедектерге ыңғайласа деген ұсыныс жасаудамыз. Оның ішінде қызметкерлерін де мүгедектермен қалай жұмыс жасауға үйретсе. Мысалы супермаркетке кіре қалсақ қызметкерлер біздің артымыздан ұстап итеріп жүреді. Осындай кезде құлап қала жаздаймыз, тіпті иықпен бірнәсені қағып кетуге болады. Дұрысында олар біздің алдымызда жүру қажет. Қазір алғашқы болып Лидер дүкені қызметкерлерін көрмейтін адамдармен қалай жұмыс жасау керектігін үйретіп жатыр.  

Қоғамдық орындарға «Сөйлейтін қала» бағдарламасын орнату жөнінде жақында осы құрылғыны құрастырушылармен сөйлестім.

Олар Атырауға бір данасын беріп жіберетін болды. Ол алдымен облыстық жұмыспен қамту орталығының алдына орнатылатын болады. Оның жұмыс жасау жүйесіне келсек телефонда қосымшасы болады. Мысалы бір мекеменің алдына барып телефондағы қосымшаны іске қоссақ ол «bluetooth» арқылы қоңыраудың қай жерде тұрғанын хабарлайды және біз ондағы батырмаларды смартфон арқылы онлайн басқарып көмекке іштен қызметші шақыра аламыз. Айта берсек, қалада мүгедектерге кедергі келтіретін мәселе көп. Бұл мәселені біз өзіміз көтермесек ешкімге керек емес.

Айбек бүгінде қазақ соқырлар қоғамының Атырау облыстық филиалында заңгер болып жұмыс атқарады. Өзінің қосағын соқырлар қоғамынан тапқан.  Жолдасы 2 топ көз мүгедегі. Аяқ жолын ғана көреді.

Бос уақытымда компьютерде отырамын

Қоғамдағы жұмысым таңертең 9:00 ден кешкі 17:00 ге дейін бескүндік. Жұмысқа қоғамдық такси алып келіп, алып кетеді. Емхана, вокзал секілді қоғамдық орындарға жұмысыма қатысты шаруалардың бәріне қоғамдық такси пайдаланамын. Демалыс күндері өз жұмысымды қалай дамытам, басқа елдер мүгедектер мәселені қалай шешіп жатыр деген сияқты интернеттен мәліметтер іздеймін.  Жаңа технологияларды меңгерген адамға ютуб, ватсап, телеграмдағы кез келген ақпарат қолжетімді. Соны бәріне үйреткім келеді. 

Ердос Қасым

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *