Боран Нысанбаев музейі ашылды

Мәдениет

Кеңес Одағының батыры Боран Нысанбаевтың туған жері Индер ауданы, Көктоғай ауылында батыр атындағы «Әскери Даңқ» музейі ашылды.

Батыр атындағы музей бұған дейін 1965 жылы мектептің бір бұрышынан ашылған болатын. Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында музейге музеефикация жұмыстары жүргізіліп, мәдениет үйінен арнайы орын берілген. Музейде батырдың қайтыс болған жерінен табылған оқтар, снаряд жарқыншақтары және өзге де 300 ге жуық жәдігер сақталған.

«Әскери Даңқ» музейінің меңгерушісі Нұргүл Қуатованың сөзінше, жаңа музейдің экспозициялық көрінісі заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіліп, орталық киоска, 3D проектор орнатылған.

Орталық киоскада музейге келушілер музей ішін 360 градусқа айналдырып қарап таныса алады. Сонымен қатар, Боран Нысанбаев және екінші дүниежүзілік соғыс туралы екі диарама жасақталды. Музейге келушілер Боранның балалық шағы, мектеп кезі, екінші дүниежүзілік соғыстың басталуы және Жеңіс күні туралы 4 кезеңге бөлінген жұмыстармен таныса алады, – дейді музей меңгерушісі.

Биыл Кеңес Одағының батыры жерлесіміз, Боран Нысанбаевтың ерлігіне 77 жыл болыпты. Батырдың ең соңғы ерлігі ерлігі туралы тағы бір еске түсірудің артығы жоқ.

ОТАН ҮШІН ЖАН ПИДА

Марапат бетшесінен: «…1943 жылғы 6 ақпанда 137-атқыштар дивизиясы 771-атқыштар полкінің 1-батальоны Орлов облысы Покровск ауданы Лески деревнясына шабуылға шықты. Таңғы сағат 10-да 40 минуттық үлкен артиллериялық дайындықтан кейін батальон екі рет Лески деревнясына шабуыл жасады. Алайда шабуыл сәтсіз болып, шығындарға ұшырап, өз шептеріне қайтуға мәжбүр болды. Батальонның қозғалысына деревня орталығында орналасқан, мықты бекітілген дзотқа айналдырылған тас үйден қарша бораған пулемет оғы кедергі болды.

Боран Нысанбаев өз командирінен дзотты жаруға рұқсат сұрады. Командир рұқсат берді. Нысанбаев ері рет бораған пулемет оғының астында дзотқа жер бауырлап барып, гранаталар лақтырды, алайда жау пулеметінің үнін өшіре алмады. Үшінші рет комсомол Нысанбаев жаяу әскердің алға жылжу жолын ашу үшін өзін құрбан етуді шешті. Ол денесіне гранаталар байлап, екі танкжойғыш гранатаны қолына алып, бораған оқтың астымен дзот есігіне дейін жер бауырлап жетіп, ішіне секірді. Дзотта болған ұлкен жарылыс шабуылды бастау белгісіндей болды. Нәтижесінде шабуылға шыққан батальон деревняны басып алып, әрі қарай шабуылын жалғастырды. Жарылған дзот ішінде 28 неміс офицері мен солдаттарының мүрдесі болды. Осы жерден комсомол Боран Нысанбаевтың денесі табылды.

Боран Нысанбаев өз Отанын шексіз сүйді және оны неміс басқыншыларынан азат ету жолында жанын қиды. Оған қазасынан кейін Кеңес Одағының батыры атағын беруге өтініш білдіремін. 771 атқыштар полкінің командирі, подполковник Гордиенко».

Алайда бұл құжаттардың барлығында, соның ішінде КСРО Жоғары Кеңесінің Президиум төрағасы М. Калининнің сәйкесінше жарлығында Боранның тегі «Исимбаев» енді бірінде «Исембаев» болып  қате жазылған. Ол осындай өшпес ерлік жасаған Александр Матросовтан 17 күн бұрын қаза болған.

Боран Нысанбаев 1918 жылы Атырау облысы, Индер ауданы, Көктоғай округіне қарасты Қаңбақты елді мекенінде дүниеге келген. Немере інісі Ұлықпанның есінде ол жауырынды келген, орта бойлыдан гөрі биіктеу, жазық маңдайлы, қою қасты, жалын атқан өткір көзді, ұстамды, адамдарға үйірсек жігіт ретінде сақталған. Боран жанұяның ортаншы перзенті. Әкесі Нысанбай Мәстеков, шешесі Мағрипа үш ұл, төрт қызды тәрбиелеп өсірді. Апалары – Биғайша, Құрманбике, қарындастары – Нақила, Оқиза. Үш ұлы Қайыржан, Боран, Ибат. Қайыржан соғысқа кеткеннен Мәскеу жерінде қаза болған. Інісі Ибат тылда еңбек еткен. Боран көбіне қарт әжесі Талшынның тәрбиесінде болады. Бірақ Талшын да, Мағрипа да ертерек қайтыс болған.

Батырдың әкесі Нысанбай Мәстеков 1872 жылы туып, 1963 жылы 91 жасында өмірден өтті. Арғы атасы Ермен елге белгілі, батыр адам болған. Исатай Тайманұлының көтерілісіне қатысқан деседі.

ЕР ЕСІМІ ЕЛ ЕСІНДЕ

Елім деген ерін халық ұмытпақ емес. Бүгінде батырдың ерлікпен қаза тапқан Лески древнясында «Бұл жерде Кеңес одағының Батыры Боран Нысанбаев» жерленген деген белгі орнатылған. Батырдың тегі анықталғаннан кейін туған жеріндегі Зеленый орта мектебіне батырдың есімі берілді. Бүгінде Көктоғай ауылындағы және Атырау қаласындағы бір көше мен Атырау қаласы Бірлік ауылындағы орта мектеп батыр есімімен аталады. Көктоғай аулында Боран Нысанбаев музейі жұмыс жасайды. Музейге батыр жайлы мәліметтер беретін құжаттар, ескерткіштер қойылған. Батырдың портреті де осында. Айта кетейік, Боранның естелік болып қалған суреттері еш жерде жоқ. Ағайын туыстары мен көз көрген адамдардың айтуы бойынша Боран үлкен апасы Биғайшаға ұқсаған деген нұсқаумен, суретші Юрген Никельге алғаш портретін салған.

Байқасаңыздар туған күні айтылмайды. Боранның ерлігі ғана есте, туған күнін растайтын нақты құжаттар жоқ. Боран деп ат қоюына қарағанда қыстың қақ ортасында, ақпан айында туған деп топшылайды.

Ердос Қасым

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *