Атырау облысында «темір адамның» қаңқасы табылды

Без рубрики

Атырау облысы тарихи өлкетану музейі мамандарының Қызылқоға ауданы, Миялы қорғандар тобынының 3 қорғанына жасаған археологиялық қазба жұмыстары барысында батыр мүрдесі анықталған.  Мамандардың айтуынша, бұл – археологиядағы аса маңызды жаңалық.

Қазақстан аумағында тұңғыш  рет кездесіп отырған мұндай тарихи құндылықты көру үшін аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов, белгілі ахеолог, зерттеушілер облыстық тарихи-өлкетану музейіне арнайы барып, батыр мүрдесін көрді. 

Басынан аяғына дейін өте ерекше үлгідегі  темір сауытпен жабдықталған адам қаңқасының ұзындығы –  175 см.  Ал табылған қабірдің ұзындығы – 2 м  40 см, ені –  80 см.  Сондай-ақ, мүрдемен бірге ұзындығы 1 метр болатын семсері, жебе ұштары мен қорамсағы, қорғану қалқаны, патера, ат әбзелдері және тағы да басқа көптеген жәдігерлер табылған. Зерттеу жұмыстары халықаралық дәрежедегі қалпына келтіруші, «Қырым аралы» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Қырым Алтынбековтің басшылығымен жүргізілуде. Оның айтуынша, мұндай тарихи жәдігер өте сирек кездеседі.

–           Табылып отырған адамды «темір адам» деп атауымызға да болады. Өйткені адам мүрдесі басынан аяғына дейін темір сауытпен жабдықталған. Әрі ерекше үлгіде. Соған қарағанда, жауынгер болуы әбден мүмкін. Бізді таң қалдырғаны – темір сауыттың ұрланбай сақталғаны. Мұндай дүниелердің мыңдаған жылдар бойы ұрылардың тимей, сақталуы – өте сирек кездесетін жағдай. Қазақстанда дәл осы іспеттес тарихи құндылық әлі бірде-бір рет табылған жоқ, – деді Қырым Алтынбеков.

Табылған тарихи құндылыққа жасалатын зерттеу жұмыстары әлі бірнеше жылға созылуы мүмкін. Өйткені рентген және металл іздегіш құрылғылардың көмегімен жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде алтын, күміс, темір, сүйектен жасалған бұйымдардың бар екені анықталған. Антропологиялық, ДНК-лық зерттеулердің қорытындысы бойынша алдағы уақытта мүрденің  бас сүйегі мен сауытын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу де жоспарланып отыр.

–           Әлі тазалаймыз, жәдігерлердің әрқайсысына бөлек бөлек әдіс жасап, анализге дайындаймыз. Оған уақыт көп кетеді. Соның негізінде  талай қазбалар шығуы мүмкін. Бұған дейін Қазақстанда темір сауытпен адам шықпағандығын ескерсек, мүрде толықтай  қалпына келтірілгенде,  тек Атыраудың ғана емес, бүкіл Қазақстанның мақтанышы болары сөзсіз, – деп атап өтті Қырым Алтынбеков.

Ердос Қасым

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *