
Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қазіргі кезеңдегі әлемдік жаһандану жағдайында заман ағымына икемделуді, жаңа дәуірдің озық үлгілерін бойымызға сіңіруді, ұлттық кодымызды сақтауды міндеттеді. Н.Назарбаев: «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. …Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдыретімен маңызды. …Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын», – деп жазды. Иә, ақиқатында этносты (халықты) анықтаушы бір белгі, ол – этникалық мәдениет. Сол мәдениетке халықтың тілі, ділі, діні, салт-дәстүрі, әдет ғұрпы, музыкасы, өнері, т.б. кіреді. Бұлар ұлттық кодтың элементтері. Олай болса, ұлттық түп-тамырымызды, ұлттық құндылықтарымыздың бірі – ата-бабамыздан келе жатқан дәстүріміздің озық үлгілерін атадан балаға мирас етіп жеткізу керек. Дәстүр – ұлтқа рух беріп, оның ішкі, сыртқы келбетін өрнектеп көрсетіп тұратын сипаттардың бірі. Дәстүр – адамдардың ғасырлар бойы қалыптастырған құндылығы, әлеуметтік-мәдени мұрасы. Осыған орай, Атырау облысы Дін істері басқармасының мемлекеттік тапсырысы аясында «Шапағат» Қоғамдық қорының ұйымдастыруымен орталықпен тығыз байланыста келе жатқан «жусан» гуманитарлық бағдарламасы арқылы елімізге оралғандар арасында «Салт дәстүр-ұлттық тәрбие негізі» тақырыбында табиғат аясында ұлттық мәдени шара өтті.
Қазақ халқының да өзіне сай ерекшеліктернің бейнесі секілді салт-дәстүрі бар. Олардың мән-мағынасы, берер тәрбиесі мол. Қазіргі таңда осы дәстүр сабақтастығын жалғау мақсатында шара ұйымдастырылды.
Шарада «Бесікке салу» , «Тұсау кесу» рәсімдері көрсетілді. Ақжаулықты әжелер бесікке салу рәсімін көрсетіп, бесіктің артықшылығын, құрал –жабдықтарын түсіндірді.
Атаулы шарада «Жусан» бағдарламасы арқылы елімізге оралған отбасы мүшелері мен балаларына салтты түсіндіріп, малды сою тәртібі, малды сойғанда оқылатын дұға, атқа мінгізу тәртібі секілді дәстүрлерде назардан тыс қалмады.
Қазақ халқының әлі де түп қазығын сақтап отырған әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерінің қай қайсысы болмасын, оның дамуында, қалыптасуында негізгі идеологияның бірі болып табылады. Сондықтан да ата-бабаларымыздың өмір тәжірибесімен қалыптасқан әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерімізді ұлттық кодымыздың анықтаушы бір элементі ретінде қоғамдық, отбасылық іс-әрекетімізде, тұрмыс-салтымызда ұстануымыз керек. Себебі, ұлттық әдет ғұрып, салт дәстүрлер арқылы – қазақ халқының өзіндік дәстүрлерін бойына сіңіре білетін, салт-дәстүрлерімізді ұғына білетін, оны ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыра білетін, ұлттық рухпен қаруланған тұлғаны қалыптастыруға мүмкіншілік аламыз. Халқымыздың тәрбие негізі, асыл қазынасы – салт-дәстүрлерді дұрыс жеткізе білсек, ұлтжанды азаматты қалыптастырдық деп, нық айтуға болады.