Құтқарушының бір күні

Без рубрики

Атырау облысы ТЖД өрт сөндіру және апаттық құтқару жұмыстары қызметінің жедел құтқару жасағының құтқарушысы Нұрқуат ҚАРАҚҰЛОВТЫҢ  20 жыл бойы жасаған қызметінде ең есте қалғаны – дәретханаға батып кеткен жаңа туған шақалақты құтқару сәті. Нәрестені анасы даладағы дәретханаға босанып, үстіне топырақ тастап көміп кеткен.

Құтқарушылар мерекесі қарсаңында отбасымен құтқарушы мамандығын таңдап, 20 жылдан аса өмірін құтқарушылыққа арнап келе жатқан Нұрқуат ҚАРАҚҰЛОВПЕН әңгімелесудің сәті туған еді. Әңгіме барысында құтқарушы қызметінің қиындығы мен Атырауда жиі кездесетін жағдайлар туралы сөз болды.   

Әке жолымен

Нұрқуат қазір 40 жаста. Оның әкесі де зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін құтқару қызметі саласында еңбек еткен.

Кішкентайымнан әкеме еріп құтқару қызметі бөлімшесіне келіп жүріп, осы мамандыққа қызығушылығым артса керек. 4-5 жасымнан бастап әкем Орал рестораны қасындағы құтқару бөлімшесінде қызмет атқарды. Ағам екеуміз сол жерде суға жүзуді үйреніп, әңгімелерін тыңдап өстік. Мектеп бітірген соң 18 жасымда құтқарушы болып жұмысқа тұрдым. Ағам да құтқару қызметінде водалаз болып қызмет жасады, бірақ кейін ол басқа салаға ауысып кетті, – дейді құтқарушы.

Нұрқуаттың айтуынша, бұл салаға қызығушылар көп, бірақ қиындығына шыдай алмайды, кейбірі екі үш айдан соң, тіпті 1-2 күн жасап шығып кететіндер бар.

Мұнда мен арнайы мамандық оқып кіргенім жоқ. Бұл жерге жасы 18 ге толғандарды физикалық дайындығына қарап алады. Өйткені, мұндағы құрал-саймандардың ең аз салмағы 7 келі, көлік апаты кезінде жұмыс жасайтын құралдардың салмағы 15-20 келіге дейін жетеді. Оны қолмен көтеріп тұрып жұмыс жасау оңайға соқпайды. Бұл қызметте физикалық жағынан бөлек психикалық жағынан да дайын болу қажет, – дейді ол.

Өйткені судың астында немесе немесе кез-келген төтенше жағдайда өлікпен бетпе-бет кездескенде жастар қорқып қалады. Бірінші жұмысқа келген күні ауыр көлік апатынан адам құтқаруға барып жүрегі шыдамай, келесі күні жасамаймын деп арыз жазып өз еркімен жұмыстан шығып кеткен жігіттер болған.

Кезінде Атырауда құтқарушы қызметіне жаңадан келген жігіттерді моргке апарып сондағы өлген адамдармен жасайтын жұмыстарға араластырып жүрген. Жүректі азаматтар сол кезде белгілі болып, кейбірі өздерінің мамандықты қателесіп таңдағанын айтататын. Өйткені бұл жұмысқа фанаттардың ғана шыдай алады дейді құтқарушы.  

Тосын жағдайлар күтіп тұрады

Жедел құтқару кезінде әр түрлі жағдайлармен кездесеміз. Кейде әйел адамдар үйде жарқанат ұшып жүр, жылан кіріп кетті деп шақырады, барсақ үйінде ер адамдар да қорқып отыратын жағдайлар болады. Кейде әйелдер қолынан сақинасын шеше алмай хабарласады, оған да барып шешіп береміз.

Көбінесе түсетін қоңыраулар есіктің кілттеніп қалуы. Кілтін жоғалтып алдым, іште бала қалып қойды деп хабарласатындар көп. Бала болған соң терезеден құлап кетуі мүмкін, отпен ойнауы мүмкін дегендей қауіптің алдын алу үшін барамыз. Адамның өміріне қауіп төнуі мүмкін жағдайлар болмаса, кез келген адамның кілт жоғалтып есік аша алмай тұрғанына бара бермейміз.

1 минутта есік ашу құпиясы

Бізде түрлі жағдайда есік ашуға арналған голландалық халматр деген құрылғы бар. Ол құрылғыны апаттық жағдайда қолданамыз, кез келген есікті 1 минутқа жеткізбей ашады бірақ есік пайдаға аспай қалады. Ал, кілтін жоғалтып алғандардың есігін минутқа жеткізбей ашамыз. Оған қысқаш пен отвертка жетклікті. Есік қондырумен, құлыппен ауыстырумен жұмыс жасаған адамдар оның сырын жақсы біледі.

????????????????????????????????????

Қатты жел күндері төбелерде шатырлар немесе бағандар құлап жатыр деген шақыртулар түседі. Біз құлайын деп тұрған төбе шатырларын жерге түсіріп, адам өміріне төнетін қауіптің алдын аламыз. Тұрғындар құлаған ағашты өздеріңмен бірге алып кетіңдер немесе шатырды орнына дұрыстап қағып кетіңдер деп реніш білдіреді, біз құрылысшы емеспіз.

Өмірін аман құтқарып қалғаны үшін сыйлық жасап ат мінгізетіндер бола ма? Есте қалатын қандай жағдайлар болды?

Кейбірі рахмет айтып кетсе соған риза боласың. 2017 жылы жаздыгүні Құлсары жақта теңізге балыққа шыққан браконерді құтқарғаным есімде бар. Бір күнде теңізден су қайтып кетіп, қайығы қақ ортада қайырлап қалған. Екі күн далада қонған екен. Оны тауып алып, үйіне әкелдік. Сендер болмағанда өлетін едім деп алғысын білдіруде. 

Ал, мына жағдай жұмысқа енді кірген жас кезім болса да әлі күнге датасымен бірге есімде қалды.     

2005 жылдың 25 маусымы болатын. Балықшы аудандық ішкі істер бөлімінен Қызылбалық ауылында дәретханаға бала түсіп кетіпті деген қоңырау жетті. Далаға дәретханаға шыққан бала ішіне түсіп кетіпті деп қабылдадық. Барсақ кішкентай жаңа туған сәби екен. Қолдарының қимылы ғана көрініп, дауысы естіледі. Біреу дәретханаға босанып, оны жасыру үшін үстіне топырақ шашып, қызыл тастар лақтырыпты. Періште қорғағандай тастар балаға тимеген. Дәретханаға өзім түсіп, қолмен қопарып құтқаруға кірістім. Қасымда Аманжол, Ерлан  деген әріптестерім болды. Баланы жоғарыға көтерсек арғы жағында бірнәрсе тартып жібермейді. Сөйтсе баланың кіндігі кесілмеген жолдасымен бірге жатыр екен. Үй иесі жаман күртелерін әкеліп берді, соған орап полициялар келіп дом малюткиге  алып кетті. Артынан ол баланың аман қалғанын естідік.

Көз алдарыңызда суицид жасаған адамдар кездескен жоқ па?

Дәл алдымызда ондай жағдай кездеспеді. Суицид жасайтын адам ол құтқарушыны күтпейді. 3-4 жыл ішінде әріптестерім сондай бір оқиғаға тап келген. Көпір үстінде телефонмен сөйлесіп келе жатқан жігіт телефонды лақтырып өзі суға секіріп кеткен. Оны тіпті алдында кетіп бара жатқан жолдас жігіті байқамай қалған. Оны құтқаруға тырыстық, бірақ судан өлі денесін шығардық.

Ал, елдің бәрін жиып қойып бесінші қабаттан секірем деген адамдарды талай кездестіреміз, олар ішіп алғандар немесе біреуді қорқытқысы келіп шоу жасайтындар.  

Суға батқан адамды қазанға от жағу арқылы табады деген қаншалықты рас? Іздеу кезінде қолданып көрдіңіздер ме?

Ол – үйдегі ас пісіретін қазанына сүт құйып құран оқып суға жіберетін қазақтың ырымы. Оны туыстары жасайды. Бірақ өз басым дәл қазан тоқтаған жердің астынан адам шығарып алған жағдаймен кезікпедім.

Құпия болмаса осындай шабысы көп жұмысыңызға табысыңыз сай бола ма?

Әркімнің табысы лаузымына байланысты. Мысалы менің құтқару бөлімшесінің басшысы ретінде алатыным окладым 80 мың теңгенің айналасы. Оған түнгі жұмысымыз, үнемі дайындықта жүретініміз үшін пайыздар қосылады. Өйткені біз үйде демалып жатсақ та 24 сағат бойы жұмыстамыз. Бізге телефон өшіруге болмайды. Төтенше жағдай бола қалса 1 сағат ішінде киімдерімізді құралдарымызды алып дайын тұруымыз қажет.  Сондықтан біздің барлық құжатымыз бен артық киіміміз әрқашан сөмкеде дайын тұрады.  Мысалы Орал қаласында су тасыған кезде түн уақытында үйде демалып жатқан кезімде шақырту түсті. 1 сағат ішінде жиналып жолға аттанып кеттік. Осындай әрқашан дайындықта болғанымыз үшін және одан бөлек құтқару барысында өлікпен жұмыс жасағанымыз үшін психологиялық аздап қаражат қосады. Зейнетке шыққанымша әке жолымен карьерамды осы қызметте аяқтайтын шығармын. Оған да әлі 23 жыл бар.

Құтқарушы қызметі ТЖД не қарасты болғанымен құтқарушылар зейнеткерлікке 63 жастан шығады. Қызметтерін полициялар мен өрт сөндірушілермен теңестірсе деген ұсыныс құтқарушылар арасында көптен бері көтеріліп келе жатқан мәселе.

Бұрын водалаздар 53 жастан зейнеткерлікке шығатыны туралы айтылып жүрді. Ол үшін су астында болған сағаты 3000 сағатқа толу керек деді. Бірақ ол әлі іске аспады. Су астында 3000 сағатты жинау да оңай емес. Мысалы менің 20 жылда су астында жинаған сағатым 2000 ға жеткен жоқ. 3000 ға жеткенше 63 ке де жақындап қалатын шығармын.  Арамызда жасы елуден асқан құтқарушылар бар. Қаншама жаттығу жасағанымен де уақыт өзінікін жасайды. Ардагерлерге қиын шақыртуға шығу ауыр тиеді. Сондықтан оларға құрмет көрсетіп зейнеткерлікке шығарса  жақсы ғой, – дейді Нұрқуат.

Нұрбейбіт Нұғыманов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *