Велосипедпен саяхат

Спорт

Туған жерінің туристік мекендерін насихаттап, Батыс Қазақстанның тарихи жерлерін екі дөңгелекті көлікпен аралап жүрген велосипедшілер Мақат өңірінде де бар.

Біз олармен велотуризмді қалай жолға қойды, топты қалай жинады -осы жөнінде әңгімелескен едік.

Жақында «VeloMAKAT» велоклубының белсенділері Мақат – Бейнеу – Үстірт – Сайөтес – Шетпе – Жыңғылды – Таушық – Ақтау бағыты бойынша 800 шақырым жол жүріп келді. Төрт адамнан құралған шағын рота бұл жолды 7 күнде жүріп өткен. Велосипедшілер клубын 5 жыл бұрын Мақат ауылының жас тұрғындары құрған, қазіргі кезде топта тек 15 белсенді велосипедші бар. Осы уақыт ішінде жинақталған саяхат тәжірибесі, әдемі фотосуреттер, батыс аймақтарының тарихи жерлері және күтпеген таныстықтардан алған әсерлері туралы Мақат кентінің тұрғыны Абзал Аманчиев әңгімелеп берді.

Абзал алдымен велосипедті жұмысқа барып-келу мақсатында сатып алған. Кейін оның салауатты өмір сүру салтына қызыққан жұмыстас жолдастары да қос дөңгелекті көлікті сатып алып, осылайша Мақатта велосипедшілер тобы құрылады.

Ол кезде Абзал «Вконтакте» әлеуметтік желісінде жаңа ғана «ВелоМАКАТ» велосипедшілер тобын құрған болатын. Кейін еліктеушілер көбейіп, Мақатта экологиялық таза көлік жанкүйерлерінің саны артады. Ал демалыс күндері жігіттер Мақат ауылынан шығып, топтасып көрші аудандардың тарихи жерлерін аралай бастады.

– Содан кейін Атырау мен Ақтөбе облысының шекарасына жақын орналасқан ақ қарлы Ақтолағай таулары орналасқанын білдім. Өте көркем жер, оны көзбен көру керек деп шештік. Бұл жерге жетуге небәрі екі күн жұмсадық. Сонымен қатар біз Иманқара үңгіріне, Таскешу елді мекеніне, Ақкегершін үстіртіне бардық. Жер аралау арқылы біз өз жеріміздің тарихи құндылықтарымен жақын таныс болдық. Кей жерлердің тарихын алдын-ала ғаламтордан іздеп танысып аламыз. Ерекше тарихи орындарға естелік суретке түсеміз. Көптеген табиғи шедеврлер тек біздің облыстың даласында жасырылғанына көзім жетті, – дейді Абзал.

– Ұзақ сапарларда біз жолдағы ең қажетті заттарды өзімізбен бірге алып жүреміз, түнде палаткаларда түнейміз, кешкі асты дайындайтын қазандарымызды да велосипедке артып аламыз. Күніне кем дегенде 100 шақырым жол жүреміз. Біз ұзақ сапарларды ауа райы қолайсыз болатын немесе қатты ыстық болатын тамыздың аяғында және қыркүйектің басында жоспарламаймыз.

Абзал әлемдегі барлық туристерді біріктіретін couchsurfing.com сайтында тіркелген. Бірде ол сайтқа Венгриядан келген туристер көмек сұрап хабарлама жазады. Туристер жол-көлік апатының салдарынан мотоциклдері қирап, өздері Мақат аудандық ауруханасына түскен екен. Абзал хабарламаға өзінің сол ауылда тұратынын көрсетіп жауап беріп, өзі де ауруханаға барады.

Шетелдік туристерге керек жарақтарын жеткізген соң, жараланғандар облыстық ауруханаға жіберіледі. Ал екінші турист Моңғолияға жолын жалғастыруға шешім қабылдап, үш күн бойы Абзалдың қасында қалып, жолға көлігін дайындайды.

– Оның есімі Габр еді. Габр екеуміз жақын дос болып кеттік. Бір жылдан кейін ол мені Венгриядағы тойына шақырды. Тойға барып, Венгрияда олардың жанында бір апта болдым. Біз оның ата-анасы тұратын Гюрзамол ауылында болдық. Мені осы шағын ауданның велосипед мәдениеті таңғалдырды. Барлық жерде велосипед жолдары, белгілер, велосипедтерге арналған тұрақ бар. Бұл өкінішке орай, біздің ауданда жоқ. Бізде көлік жүргізушілері велосипедшілерді құрметтемейді, ал жол жиегіндегі арнайы жол тек жаяу жүргіншілерге арналған. Заң бойынша, егер велосипед жолы болмаса, онда біз жолдың оң жағымен жүруге құқығымыз бар. Көбісі мұны білмейді және әрдайым дыбыстық белгі беріп бізге кедергі келтіреді.

Жігіттердің өздері мешіттің алдынан велотұрақ салған. Мұндай велотұрақ дүкендердің алдында да, мемлекеттік мекемелерде де жоқ, – деп велосипедшілердің мәселесін көтерді.

Абзалдың айтуынша, оның жаңа хоббиі 2/2 режиммен жасайтын Мақат өрт сөндіру пойызындағы жұмысын тастауға мәжбүр еткен. Өйткені велосипедпен апталап жол жүріп кеткенде жұмысына үлгермейтін. 

Сөйтіп, вахталық әдіспен шетелдік компанияға өрт инспекторы болып жұмысқа тұру үшін, ағылшын тілін үйрену керек болады. Бұл жолда оған, ағылшын курстары мен машықтанған венгр достары көмектеседі.

– Өткен жылы олар Венгриядан қарындасымның қыз ұзату тойына келіп, Ақтолағай диірмен тауын көру мүмкіндігіне ие болды. Олар қуанып, жақсы әсерде кетті,- дейді Абзал.

Енді Абзал мен мақаттық жігіттер маршрутты кеңейтуді жоспарлап отыр: Атырау арқылы Оралға, одан Ақтөбеге және кері Мақатқа қарай 1500 шақырым жол жүріп өтпек.

Ердос Қасым

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *