Көрерменсіз әртіс жетім

Қоғам Мәдениет

Өңірде әлі шектеу шараларының сақталуына байланысты, театрда жаңа премьералар көрерменге жыл соңына дейін онлайн ұсынылмақ. Шығармашылық ұжымның жұмысына пандемия қалай әсер етті, биыл жүзеге аспай қалған жобалар келер жылы жалғасын таба ма – өзге де сұрақтар Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының директоры Берік ЖАМЕНОВПЕН сұхбатқа арқау болды.   

Театр ұжымы елде төтенше жағдай енгізілген кезде онлайн режимде жұмыс жасады. Пандемияның ұжымның шығармашылығына әсері қандай болды?

Індет басталысымен театрдағы жасы 60 тан асқан қызметкерлер қашықтықтан жұмыс жасауға көшті. Жастар кезектесіп театрға келіп жүрді. Театр өнері тоқтауға болмайтын сала. Әртістер екі аптадан ұзақ қол қусырып қалса,  оны қайтадан сахнаға шығару қиынға соғады. Бірқалыпты тұрып қалмай, үнемі ізденіспен жүру қажет. Әрине, халықпен жұмыс жасап үйренген әртістерге онлайн жұмыс жасау қиындық келтіргенін айту керек. Қанша мықты театр сыншысы келгенімен біздің бағамызды беретін көрермен.  

Пандемияға байланысты биыл маусым ашылмады, қандай жоспарлар бар еді? Биыл жүзеге аспаған жобалар келесі жылы жалғаса ма?

Әрине, биыл өтпеген шаралар келесі жылы жалғасады. Қазылар алқасын құру арқылы онлайн өткізе беруге болатын фестивальдер де бар еді.  Мысалы биыл балалар қойылымдарына арналған І-Республикалық театрлар фестивалі жоспарланды. Бірақ оның бәрін келер жылы көрерменмен өткізуді жөн көрдік. Екінші жағынан кез кеген әртістің халықсыз сахнада ойнауы да өзгеше болады. Одан бөлек, Көкшетау қаласында өтетін халықаралық мастер-классқа шақырту алғанбыз.  Оған ТМД елдерінен драматургтер, режиссерлар қатысып өздерінің үздік қойылым дайындаудағы шеберліктерімен бөліседі. Мастер классқа Қазақстаннан қатысатын үш театрдың бірі біздің театр болды.

Қазіргі кезде театрға 50 пайызға дейін қызметкерлердің жиналуына рұқсат берді. Немен айналысып жатсыздар?

Қазір сахнада жаңа премьераларға дайындық жүріп жатыр. Олар дайын болған соң алғашқысын қыркүйек айының ортасында бейнежазбаға түсіріп көрерменге онлайн ұсынатын боламыз. Жыл соңына дейін 3 премьера және жастар театры 1 спектакль ұсынуды жоспарлады. Атап атқанда, алғашқысы Иранғайыптың  «Мен ішпеген у бар ма» пьесасының желісі бойынша «Жан» премьерасы дайындалды. Оның режиссері театрдың бас режиссері Мұқанғали Томанов. Одан кейін  Шекспирдің «Рейчерд» шығармасы дайындалуда. Оның режиссері Жанат Телтаев, Әуезовтың «Айман-Шолпан» пъесасын режиссер Гүлназ Қамысбаева дайындауда. Одан бөлек, жастар театры Бернард Шоудың «Антонии мен Клеопатра» шығармасын жыл соңына дейін ұсынуды көздеп отыр. Қойылымдар бейнеге жазылып, көрерменге онлайн жол тартады.

Бұл шығармалардың барлығы классикалық жанр. Карантиннен шыққан әртістер үшін әдейі классикалық жанрды таңдадық. Өйткені, классикалық жанр сахнада әртістердің өсуіне, кемелденуіне темірқазық болады.  

Қызметкерлер үшін карантин кезінде біліктіліктерін арттыру, шеберлік сыныптары өтті ме?  

Керісінше, біздің режиссерларды басқа театрлар қаламақысын беріп шеберлік сағат өткізуге жиі шақырып тұрады. Былтыр екі режиссерға сұраныс түсіп, бірі Ақтау театрына, бірі Ақтөбе театрына барып әртістерге мастер класс өткізіп қайтты.Көкшетау, Шымкент театрларынан да шақыру түсіп тұр. Біздің режиссерларды басқа театрлардың шақыруы біз үшін үлкен жеңіс.

Одан бөлек биыл театрға екі жас әртіс қосылды. Олар Атыраудағы кіші өнер академиясын, кейін Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын бітірген атыраулық қыздар. Ал, жастар театрының үш әртісі биыл Қырғызстандағы әртістер дайындайтын ЖОО-на қашықтықтан оқуға түсті.

Өңірде театр әртістеріне қандай қолдау қарастырылған?

Бұрын спектакльге ойнайтын адам таппай қиналатынбыз.  Қазір бұл мәселе жойылды. Мұның бәрі әртістерге қолдаудың арқасы деп ойлаймын. Қазір Алматыда оқып жатқан өз жерлестерімізден бөлек, Нұр-Сұлтан қаласында өнер институтын бітіруші түлектердің өзі Атырауға келуге сұранып отыр. Біз жас қызметкердің тұратын баспанасы болмаса театр есебінен жалдап беруге мүмкіндік қарастырып, кейін кезекке тұрып өзі баспана алуына жағдай жасаймыз. Бақтықожа Ізмұхамбетов облыс әкімі болып тұрған тұста оннан астам қызметкеріміз баспаналы болды.

Айта кетерлік жағдай, 2010 жылмен салыстырғанда қазір халықтың да театрға келуі көңіл қуантады. Бір кездері халық эстрада тыңдауға ауысып, театрлардың мазасы қашты. Қазір құдайға шүкір, дәстүрлі ән, домбыра, спектакль десе театрға келушілер артып келеді. Оның себебі де бар. Қазір театрлар ескіні сақтай отырып, жаңашылдыққа көшіп келе жатыр. 80 жылары спектаклде әртістерге шығарманың әр сөзін үтір нүктесіне дейін қалдырмай орындау талабы қойылса, қазір сөзді доғарып көп нәрсені түрмен,  әркетпен көрсетуге тырысады. Асанәлі Әшімовтың өзі ешқандай сөз сөйлемей, сахнаға шығып залға бір қарағанынан көрермен не айтқысы келгенін ұғынып тұрады емес пе? Қазіргі сұраныста осы – әртістердің шеберлігі.  

Сонымен биыл халықтың залда отырып спектакль тамашалуына мүмкіндік болмай ма?

Мұның бәрі елдегі ахуалдың тұрақталуына байланысты. Театр жаңа маусымын ашып, көрермен қабылдауға толық дайын. Кіреберістен бастап дезинфекциялық залалсыздандыру құралдармен қамтамасыз етілген. Ертең 50 көрерменмен ашуға рұқсат берсе де бастауға дайынбыз. Бірақ заңға бағынамыз.

Ердос ҚАСЫМ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *