Өнертапқыш жерлестер

Қоғам

Өнертапқыштық қасиет кез-келген ұлттың маңдайына жазылған. Сол таланттың көзін аша білу адамның дарындылық қабілетіне, еңбек пен ізденісіне қатысты екені сөзсіз. Бойдағы қабілетін оятып, оны жаңа технологиямен ұштастырып, іске асырып жүргендер атыраулық жастар арасынан да табылады.

17 жасар атыраулық, Эльдар Құрмашев YouTube қосымшасының аналогын жасаған. Ол болашақта өз туындысының танымал болатынына сенімді.

Бағдарламаның ерекшелігі, жаңа Invideo.kz сайтында арнаңызды ашып, бейнелерді жүктеп, қайта жүктей аласыз. Жеке пікір қалдыруға да болады. Негізгі артықшылық – канал авторларының бір-бірімен басқа қосымшаларға ауыспай-ақ хат жазысуы.

– Мен сайтқа кіруді 1 қыркүйекте іске қостым. Осы уақытқа дейін Google-ге патент алуға өтінім жібердім. Болашақта мен де сайт авторларына олардың бейнелерін көргені үшін ақша төлеуді жоспарлап отырмын. Әзірге мен сертификат пен арнайы сыйлықты мыңдаған қаралымға ие болған алғашқы авторға табыстаймын,  – дейді Эльдар.

Бұл Эльдардың алғашқы жобасы емес. Қалалық Ә.Жангелдин атындағы орта мектеп түлегінің есімі атыраулықтарға бұрыннан таныс. Ол 2020 жылдың көктемінде өзінің ұялы телефонға арналған алғашқы жобасы – KazMessage қосымшасын ұсынған еді. Бұл WhatsApp әлеуметтік желісіне балама және Android операциялық жүйесінде қолданылады.

Қазір жерлесіміздің қосымшасын тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар Иордания, Франция, Германияда тұратын 5000 адам қолданады. Жоба бірегей болып саналады, өйткені телефон жоғалып кетсе, онда сақталған деректерді бейтаныс адамдар пайдалана алмайды.

Жас өнертапқыштың бағдарламасына Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов пен Х.Досмұхамедов атындағы АМУ ректоры Саламат Ыдырысов қызығушылық танытты.

Дарынды балалармен кездесуде облыс әкімі Эльдар Құрмашевқа болашақта бірнеше жаңалық ашады деген сенім артса, университет ректоры Құрмашевты Атырау мемлекеттік университетінің ректорлық грантымен марапаттады, енді ол өзі қалаған бағдарламашы мамандығына ақысыз оқитын болады.

Эльдардың айтуынша, ол робототехника мен бағдарламалау үйірмелеріне қатыспаған, бәрін өздігінен үйренген.

– 8-сыныпта менің компьютерім істен шықты. Мен ата-анамнан жөндеуге ақша сұрағым келмеді. Нәтижесінде, бағдарламашылардың интернеттегі нұсқауларын ақтара отырып, өзім құрал-жабдықтарды сатып алу арқылы үйден жөндедім. Қолымнан келгеніне қуандым. Содан кейін достарым мен туыстарым маған көмек сұрап келе бастады. Оның бәрі мен үшін тәжірибе болды, – дейді Эльдар.

Кейінірек, бұзылған электроника құралдарын әкелген достарым, жұмысыма ақша төлеп жүрді. Сол кезде біз пәтер жалдап тұрдық. Менің айына табатын 80 мың теңге табысым, отбасыма үлкен көмек болды, – дейді Эльдар.

Ал, Атырау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 9 сынып оқушысы Асқар ӘЛМҰХАМЕТОВ болса жуырда Apple компаниясы ұйымдастырған байқаудың жеңімпазы атанды. Жеңіске жеткені үшін сыйлық ретінде Сан-Францискода өтетін конференцияға сапарлау керек еді, бірақ жаһандық пандемияға байланысты Apple бас кеңсесінің инженерлерімен кездесу қашықтан өтті.

Онлайн байқаудың қазылар алқасына Асқар өзі жасаған домбыра симуляторын ұсынған. Бұл құрылғы музыкалық аспапта ойнауды үйренушілерге үлкен жеңілдік. Бұл жоба оның бағдарламалау мен домбыраға деген әуестігін біріктірген.

– Өнімді әзірлеу мерзімі бар-жоғы 2 апта болды. Мен домбыра симуляторы байқау үшін өте лайықты деп ойладым, өйткені Apple қатысушылардың мәдени ерекшеліктерін бағалайды. Бұдан басқа, қазір әлемде Димаш Құдайберген өте танымал, мұның да менің жобама пайдасы тиді. Мен оны App Store-да іске қосуды жоспарлап отырмын, егер кең қолданыла бастаса, оны Android-қа да бейімдеймін, – дейді жас жобалаушы.

Асқар бағдарламалаумен Назарбаев зияткерлік мектебіне түспес бұрын айналысқан. Ол IT-жобалары бойынша республикалық және халықаралық байқаулардың жүлдегері. Мектеп жасына дейінгі балаларға арналған қазақ тілді медиа-контентті қамтитын «Qulynym» мобильді қосымшасын жасаған. Биыл Асқар 9-сыныпты бітірді, алда жоспарлары әлі де көп. Болашақта ол қазақстандықтардың өмірін жақсартуға көмектесетін өзінің сандық өнімдерін шығаруды жоспарлап отыр.

Ердос ҚАСЫМ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *