Тілі бірдің – тілегі бір

Мәдениет

Құшағы кең қазақ елі көптеген өзге ұлт өкілдерін бауырына тартты. Қазақстанда бір шаңырақ астында өмір сүріп жүрген түрлі ұлттар мен ұлыстардың бірлігі, ынтымағы басқа мемлекеттерге үлгі десек, көз тимесін.

Елімізде соңғы уақытта қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілдері айтарлықтай көбейгені де басты жетістігіміз. Бұл – нағыз патриоттардың қазақ жеріне,  мемлекеттік тілге деген құрметі. Олар тек қазақ тілін ғана емес, халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын да құрметтейді.

«Алтын көпір» тілшісі ұлты өзге болса да қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт өкілдерінің бірнешеуін оқырманға таныстыруды жөн көрді.  Қазақ тілін туған тіліндей сөйлейтіндердің  бірі – шешен ұлтының өкілі, атыраулық Зелимхан Зубариев.

Зелимханның ата-анасы екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Қазақстанға қоныс аударып келген. Сөйтіп, Зелимхан қазақ жерінде өмірге келеді.

– Әке-шешем 1944 жылы Алматы облысы Кербұлақ ауданына қарасты Алтынемел ауылына көшіп келген. Сол жылдары ол жерде 3-4 қазақ отбасы, қалғаны шешендер аралас қоныстанған екен. Балалық шағым қазақ балаларының ортасында өтті. Олар бізді шешен деп шеттетпей, баурына тартты. Анам сол жерде 13 құрсақ көтерген. Қазір оның жетеуі Талықорған топырағында жатыр. Қалғанымыз өсіп жетіліп, Қазақстан азаматы болдық, – дейді Исатай ауданының «Құрметті азаматы» Зелимхан Зубариев.

Зелимхан Зубариев

Зелимханның 15 жасында ата-анасы Грозныйға көшіп кетіп, ол тұрмыстағы апасының тәрбиесінде қалады.

– Ауылда қазақ мектебі болған жоқ. 11 сыныпты орысша тамамдадым.  Содан 19 жасымда Индер ауданы Көктоғай ауылында тұратын немере ағама қыдырып келіп осы жақта қалып қойдым. Кейін Исатай ауданына келіп, қызмет барысым Аққыстаудағы бетон зауытынан басталды. Мені қазақша сөйлеуге тәрбиелеп, қазақтың мәдениетін таныстырған қызметтегі ортам, ағаларыма алғызым көп. Қазақ тілін жетік сөйлеуді, қазақтың мәдениеті мән дәстүрін Атырауға келіп үйрендім. Одан соң Грозныйға барып өзімнің сөйлесіп жүрген қызымды қазақ жеріне келін еттім. Оны да осы жақтағы аға бауырларым ұйымдастырып берді. Осыдан кейін қалай қазақша сөйлемеймін, – дейді Зелимхан.

Зелимханның ұлдары да қазақ мектебінде білім алған.  

– Біреулер мені үйінде шешенше сөйлейтін шығар деп ойлауы мүмкін. Әрине, өз тілімді ұмытқан жоқпын, бірақ қай жердің нанын жесем сол тілде сөйлеуге арланбаймын. Немерелеріме де соны айтып отырамын, дейді.

Немерелерімнің барлығы қазақ тілінде сөйлейді. Менің түйгенім, үйреткен тіл іске аспайды. Оны жүрекпен ұғыну қажет. Бала кезінен бастап үйінде бәрі қазақша сөйлегенде ғана қанға сіңеді, – дейді.

Зелимхан бүгінде Исатай ауданының «Құрметті азаматы». Қазақ орыс және ана тілі – шешен тілінде де сөйлей алады. Келер жылы 70 – көктемін қарсы алғалы отыр.

Қазақ тілін ана тіліндей білетіндердің бірі – Акмал Амиров.  Ұлты өзбек. Бұл кісімен телефон арқылы сөйлессеңіз таза қазақ па деп ойлайсыз. Ата балалары ертеректе Қазақстан жеріне келіп қоныстанған. Акмал 2005 жылы Кентау қаласынан жұмыс бабымен Атырауға келіп, осы жақта қалып қойған. 2017 жылы Қазақстан ассамблеясы жанынан «Ынтымақ» Өзбек этномәдени бірлестігін құрды.

Жалпы орта білімді 11 жыл бойы өзбек тілінде оқып, кейін Қазақ түрік университетіне оқуға түсіп оны  араб тілі мамандығы бойынша тамамдап шықтым. Жиған біліммен ізденістің арқасында қазақ, түрік, араб, орыс және ана тілім – өзбек тілін жетік білемін, дейді ол.

Акмал аудармашы, мұғалім болып қызмет атқарған. 15 жыл бұрын Қарабатан зауытына аудармашы болып келіп, маман тапшылығына байланысты осы жақта қалып қойған.

– Отбасым бәрі өзбек болғанымен үйде қаза тілінде әңгімелесеміз. Балалардың бәрі де қазақша балабақша мен мектептен тәрбие алуда. Көп тіл білгеннің пайдасын көрдім. Қанша тіл білсең соншама елдің әдебитеімен, мәдениетімен жақын таныса аласың, – дейді Акмал.

Ал, атыраулық орыс қызы Лиза Сафронованы оның тағдыры үш жасқа толған кезінде қазақша сөйлеуге мәжбүр еткен. Лиза кішкентайында әкесі туралы естімеді. Ал анасы ауыр дертке шалдығып балаларын баға алмайтын жағдайға жеткен кезде 3 жасар Лиза мен оның үш бауырын «Ақбота» балалар үйіне әкеліп тапсырған екен. Кейін өзі өміден өткен.

Лиза Сафронова

– Балалар үйіне келгенімде небәрі үш жаста едім. Екі ағам, апам және мен «Ақбота» балалар үйінде тәрбиелендік, кейін ол жабылған соң, С.Қазыбаев интернатында өстім. Ол жерде бізді жастарымыз бойынша бөліп жатқызатын. Бауырларым үлкен топта болды, ал мені кіші топқа жіберді. Ең қиыны олардан бөлек ұйықтау болды. Жылаған кезімде тәрбиеші үлкен апамды жұбату үшін қасыма шақыратын. Кейін оларға да үйреніп кеттім. 1-ші сыныпқа тәрбиеші апай қолымнан жетектеп №9 мектепке апарды. Мен ол жерде өзімді мектепке ата-аналарымен келген балалардан да қатты бақытты сезіндім. Өйткені жетімдер үйінің сыртына шығу арманым болатын. Үйден мектепке дейінгі баратын жолды қатты жақсы көретін едім, дейді Лиза балалық шағы туралы.

Лиза осылайша, 3 жасынан бастап қазақ ортасына түсіп, мектепті орыс тілінде аяқтайды. Десе де мектеп оқып жүрген кезінде, қазақ тілінен облыстық, республикалық қазақ тілі байқауларының бірнеше мәрте жеңімпазы атанған.  

– Интернаттағылардың бәрі қай ұлт өкілі болмасын қазақ тіліне судай. Ол біздің тәрбиешілеріміздің еңбегі. Бірде №30-шы мектепке алғаш оқушы болып барғанымда қазақ тілі пәнінің мұғаліміне қазақша амандастым. Жөн сұрасқанннан кейін ол кісі «Лиза мен сені қазақ тілінен олимпиадаға дайындаймын» деді. Ұзақ дайындалдық. Бірінші жылы мектепаралық, қалалық олимпиададан бірінші орын, облыстықтан екінші орын алдым. Ал келесі жылы облыста барлығын жеңіп республикаға жолдама алдым. Сөйтіп республикалық олимпиададан үшінші орынға іліктім. Алматыдағы университеттердің біріне түссем екен деген арманым болды. Бірақ ҰБТ дан жинаған балым жетпеді, дейді.

 Лиза биыл Астрахан мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тамадады.

– Өз мамандығыммен жұмыс жасаудан бөлек Америкаға барып келсем деймін. Ол жақта маған ағылшынша сөйлеуді ұзақ жыл бойы үйреткен мисс Кэрол деген кісі тұрады. Ол кісінің жолдасы ТШО-да жұмыс істеп, Атырауда біраз жыл тұрды. Сол кезде Кэрол  балалар үйіне келіп, жақсы араласып, туыстай болып кеттік, үйіндегі барлық мерекелік дастарxандарға бізді шақыратын. Жолдасының қызмет бабы аяқталуына байланысты еліне кетті. Ол менің сол жақта білім алуымды қалаған еді. Ендігі мақсатым мисс Кэролге қонақа бару, мүмкіндік болса, сол жақтан білімімді жетілдіргім келеді.

Ердос ҚАСЫМ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *