Тарихтың куәсі болған көне жәдігерлер

Мәдениет

DCIM\100MEDIA\DJI_0034.JPG

Атыраулық археологтар Қызылқоға ауданында жүргізген қазба жұмыстары кезінде Сармат дәуіріне тиесілі сырға салынған кішкентай қыздың, жауынгердің және зергерлік бұйымдары бар бірнеше әйелдің сүйектерін тапты.

Олыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен ай бойы жүргізілген археологиялық жұмыстар нәтижесінде 500 ден астам тарихи жәдігер табылды.

Қазба жұмыстары үш қорғанға жүргізілген. Олар Миялыдан солтүстік шығысқа қарай 6 шақырым,  Жангелді елді мекеннен 2 шақырым қашықтықта орналасқан.  

Қазба жұмыстарының жетекшісі, Ерлан Тілекқабыловтың айтуынша, қорғандардан алтын және күміс зергерлік бұйымдар, алтын жіп, қола жебенің ұштары, сырғалар, білезіктер, амулет және тағы басқа 560 тарихи жәдігерді табылған.

– Екі жарым метрдей тереңдіктегі қазба жұмыстары кезінде біз сармат жауынгерінің жерленген жерін таптық. Қаңқаның қасында қоладан жасалған қырық жебенің ұштары мен зергерлік тас жатты. Біздің ойымызша, жауынгерге оқ атылып, ол жаулардың қолынан қаза тапқан. Өйткені сүйектердің арасынан омыртқаға қадалған күйінде тұрған бір жебе ұшы табылды, – дейді Ерлан Тілекқабылов.

Сонымен қатар қорғандардан бірнеше әйелдің қаңқалары табылды. Қызықты жағдай – олардың бәрінің сырғалары тек сол құлағында болған.

Археологтардың айтуынша, обалар радиусы 1 шақырым қашықтықтағы жер қыртысымен салыстырғанда жұмсақ әрі биіктеу жер қыртысына орналасқан. Тағы бір ерекшелігі, қорғандар екі қабаттан тұрады. Төмпешік болып орналасқан үстіңгі қабаттан X-XI ғасырларда Солтүстік Каспий маңын мекендеген тайпаларға тиесілі жәдігерлер табылса, астыңғы бөлігінен ерте темір дәуіріне тиесілі қорғандар шыққан.

Қазба жұмыстары кезінде табылған ең үлкен олжа Қазақстан жерінде тұңғыш рет тоналмаған қорғаннан тұтастай бұзылмаған сауыт және қанжарымен бірге табылуы.

Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Рашида ХАРИПОВАНЫҢ айтуынша, жәдігерлердің бірқатары, зертханадан өтіп, сипаттамасы жазылған соң Қызылқоға ауданының музейіне де қойылады. Ал, темір сауыт тұтастай астыңғы топырағымен қазып алынып, тасымалдау арқылы музейге әкелінген.

– Оны түбімен қазып әкеліп музейге орналастырдық. Қалай жатқанын, қай жерде не жатқанын анықтау үшін алдымен рентгеннен өткізу қажет. Ол Алматы қаласынан қалпына келтіруші Қырым Алтынбековтың қатысуымен ашылатын болады, – дейді музей басшысы.

Енді археологтар келесі жоспар бойынша Азғыр өңіріндегі Асан елді мекені маңындағы Құдайберген қорымын қазуға кетті. Ондағы қорғандардан не табылары белгісіз. Бір қынжылтатыны бұл жерді де жер пайдаланушылар топырақ алу мақсатында шұңқыр жасап, қазып тастаған. Апатты жағдайда болған соң археологтар тездетіп құндылықтарды жинап алуға асығуда. Қазба жұмыстарына сол ауылдың жұмыссыз жастары да тартылды. Олар да өз ауылының тарихымен танысып, туған жерлерін мақтан етіп жүр.  

Ердос ҚАСЫМ

Суреттер облыстық тарихи-өлкетану музейінен алынды

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *