Интернетсіз бір күн

Қоғам

Ақпараттар сағат сайын жаңарып жатқан қазіргі заманда біреуден жарты күн бұрынғы жаңалықты сұрасаң жарты ай өтіп кеткендей «ұйықтап жүрсің бе» деп жауап қайырады. Бұл интернеттің дамығандығының бір белгісі. Өміріміз интернетке байланғаны сонша бір күні интернет болмай қалса не болады деудің өзі қиын.

Жыл сайын әлемде қаңтардың соңғы жексенбісі Халықаралық интернетсіз бір күн (International Internet-Free Day) аталып өтеді. Атаулы күннің басты мақсаты – адамдар компьютер мен ғаламтордан, смартфондар, планшеттер мен ноутбуктардан бір сәт болса да ажырап, айналамен «тірілей» қарым-қатынас жасау.

Тәулік бойы интернет пайдаланбаудың қиындығы мен оған қаншалықты тәуелділігімізді білу үшін мен де арнайы жексенбі күнін белгілеп үй ішінде «интернетсіз бір күн» деген эксперимент жасадым. Қалай болғанын назарларыңызға ұсынамын.

Сөйтіп, сенбінің түнінде соңғы жаңалықтарды оқып, үйдегі wi-fi ды өшіріп, телефон баптауларынан да ажыратып тастадым.  Ертеңгі күнім қалай өтер екен ой көзім ілінгенше басымнан кетпеді…

ТАҢЕРТЕҢ

…Ұйқыдан тұрған бойда қол бірден телефонға созылады екен. Адамның миына «ватсапты қара», «инстаграмда кім қайда жүр?», «фейсбук не деп жатыр?», «қалада не боп жатыр?» деген сигналдар автоматты түрде келеді. Жоқ! Болмайды! Одан да көптен істемеген жаттығуларымды жасайын. Қалай еді – бір, екі… Оңға, солға… Он минуттай қозғалып, бірден сергіп қалғанымды сездім. Таңғы астан соң, аулаға баламмен серуендедім. Көптен қолым тимей, үйде жасалмай жатқан шаруаларды жасап, люстралардың шамын ауыстырдым. Қолы бос адамға үйде жұмыс жетеді екен. Түс те болып қалды. Смартфон қарауға көп зауқым жоқ.

КҮНДІЗ

Түскі астың уақыты келді. Интернет болмаған соң, телефон өз жайына қалды. Ауқаттанып болған соң, күнделікті әдетпен бетіне бір қарап едім, екі қабылданбаған қоңырау тұр екен. Кері соқтым, «саған ватсапқа жазып едік, оқымадың ғой» деп шарауасын айтты. Содан телефонды ақыры ұстаған соң, көптен хабарласпай жүрген туысқандарға қоңырау шалып, саулығын білдім. Бұрын тек хабарлама жазатын едің ғой деп олар да таң қалып, риза болысып жатыр. Галереяда да ватсаптан келген біраз суреттер мен бейнелер жиналып қалыпты. Оларды өшіріп, тазаладым.

Кеш жақындаған соң жолдасым орталықтағы аллеяға барып балаларды ойнатып, серуендеп қайтуды ұсынды. Демалысты жақсы аяқтаудың керемет тәсілі. Телефоннан такси шақыруға ниеттендім, бірақ… Үйренген «индрайвер» қосымшасы арқылы шақыруға болмайды. Қиын жағдай, бірақ бұдан шығу жолы бар. Бұған дейін жолда келе жатқанда көретін 32-32-32, 22-22-22 деген номерлер есіме түсті.  Жарты сағатта келетін болды. Күтеміз.

КЕШ

Жолшыбай ашық тұрған кафеге кірдік. Күні бойы ішімде бірдеңе өзгерген бе, смартфонның бетін сипалап отырған адамдарға жатырқай қарадым. Бәрінің көзі смартфон экранында. Қасындағы адаммен шаруасы жоқ.

Ал біз тапсырыс келгенше біраз әңгіменің басын қайырып тастадық. Байқағаным үйде біраз мәселе жиналып қалған екен… Бірақ бұл басқа әңгіме.

Кешкі тоғызда үйде болдық. Әдеттегідей фейсбукті бір қарап алғым келіп, өзімді әзер тежедім. Бір мезетте үйде теледидар бар екені, одан жаңалықтар қарауға болатыны есіме түсті. Соңғы рет мұны қашан қосқаным есімде жоқ. Қонақ бөлмедегі теледидар билайнның интернернеті арқылы жасайтын еді. Содан балалардың бөлмесіне кіріп «Otau тв» жаңалықтарын қарадым…

Түн ортасы асқан соң қолыма телефонымды алдым. Қатты сағындым деп айта алмаймын, бірақ… Таңғалғаным, телефонның қуаты 10 пайызға ғана азайыпты. Басқа күндері тәулігіне екі рет қуаттайтынмын. Ватсаптан екі жүзден аса хабарлама келіп, фейсбукте 12 адамның туған күні деген белгі шығып тұр екен. Бәрін атүсті 5-10 минут ішінде шолып шықтым: уақытым көп кетпеді. Өткен шақ болған соң ешқайсысының маңыздылығы болмады. 

Осыдан ойға түйгенім, бүгінде интернетсіз, әсіресе, жұмыс бабында қиын-ақ. Алайда  біз бір күн ішінде көп уақытты босқа жұмсап, миымызды керек емес нәрселерге толтырады екенбіз. Жанымыздағы адамдар алыстайды екен. Өзіме сөз беріп, интернетке жоғалтатын уақытымды қысқартатын болып шештім. Қаншалықты шыдайтынымды кім білсін.

Ердос ҚАСЫМ

Әлеуметтік желіде атыраулықтарға жүргізген сауалнаманың нәтижесі:

Интернетке күніне қанша уақыт жұмсайсыз?

Студент: 5-6 сағат

Журналист: 15-16 сағат

Мұғалім: жұмыс күні көп емес, сенбі-жексенбіде жиі қолданамын.

Үйде отырған адам: Күніне 6-7 сағат

Зейнеткер: 2-3 сағат

Қандай мақсатқа пайдаланасыз?

Көбіне жауап: Ватсап арқылы хат алмасуға, фейсбук, жаңалықтар үшін, инстаграм үшін, ютубтан сериал қарауға, такси шақыруға, вконтактеден өлең тыңдау үшін.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *