Адасу мен өкініш

Дін

Мен қаратүнектен шықтым. Осыдан бірнеше жыл бұрын дін жолына түскенмін. Намаз бастаған кезімде ең бірінші ілімді «Үш негіз» кітабынан бастадым. Бұл кітапты маған намаз үйреткен кісілер сыйлап еді. «Тақуалық дәрежеге жеткің келсе, шынайы мұсылман болам десең, осы кітапты оқып шық. Түсінбеген жеріңді бізден сұра»,- деп айтты жол сілтеушілерім. Сол себепті мен «Үш негіз» кітабын толықтай меңгеріп, оқыған ақпараттармен тұрмыс-тіршілігімде амал жасауға тырыстым. Оқыған кітаптарымнан, айналамдағы сәләфилік бағытты уағыздаушы адамдардан түсінгенім бойынша, намаз оқымайтыын адам – кәпір деген түсінікте болдым. Сол себепті отбасы мүшелерімен де қарым-қатынасым нашарлай түсті. Ата-анама дөрекі сөйлеп, «намаз оқымайсыңдар, сендер кәпірсіңдер» -деген тіркестермен оларды ренжіткен болатынмын. Әрқашан айналамдағы адамдармен сөз таластырып, өзімнің көзқарасымның дұрыс екенідігіне көндіруге талпынатынмын.

Алғашында сәләфиттер маған керемет тақуа адамдар болып көрінетін. Өйткені, олардың арасында иманжүзді, мейрімді жандар бар еді. Бірақ сирек кездеседі, жүзден бірі десем қателеспеймін. Біраз уақыт өткеннен кейін мен намазды үйдегілер секілді оқитын болдым. Яғни тәкбір алмай оқып жүрдім. Шынымды айтсам, мәжбүрлі түрде оқыдым.

Бірақ сенімім өзгермеді. Қанша діни білімді адамдармен сөйлестім. Олар 100 пайыз дәләл көрсетіп тұрса да, өз сенімімнен айныған емеспін. Неге екенін білмеймін, дәстүрлі діннен сенімді хадис келтірген адамға күмәнмен қарап, айдаладағы адамның нақты дәлелі жоқ хадистеріне имандай сенетінмін.

Мен тек ақыретті ойлап өмір сүрдім. Өмірім тек қара мен ақ түстен ғана тұрды. Осындай тіршілік 3 жылға созылды. Кейін сәләфи ағымындағылардың мен ойлағандай мейрімді, адал адамдар емес екенін түсіндім. Көзім ашылғандай болғанымен, жүректегі сенімімді өзгерте алмадым. Менің бірнеше рет тұрмыс құрған танысым бар. Ол да сәләфилердің құрбаны болды. Күйеулері некесі қиылып, бірнеше ай өткен соң талақ айтқан. Тіпті кейбірі бірнеше күн өткен соң талақ айтыпты. Осы секілді оқиғаларды көріп, тәубеме келе бастадым. Әрине, бәрі бірден бола салған жоқ. Жанымдағы ханафи мазхабын ұстанатын құрбыларымның әсері де болды. Сәләфи сенімін ұстанған кезімде “харам” деген сөзбен ғана өмір сүріп келіппін. Біраз уақыт түнгі намазға тұрып, Алладан тура жолға салуын тіледім. Дұға жасадым. Алланың қалауымен дұғам қабыл болды. Сөйтіп, қара таңба секілді басылған күмәннан арылдым. Қара түнектен түрлі-түсті әлемге тап болғандаймын.

Зухра АЙТБАЙ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *