ФАРАБИ ФЕНОМЕНІ:

Қоғам

«… Қазақстанның өркениет тарихының үздіксіз дамуын көрсететін деректі-қойылымдық фильмдердің, телевизиялық сериалдар мен толықметражды көркем картиналардың арнайы циклін өндіріске енгізу керек.
(Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан)

ФАРАБИ ФЕНОМЕНІ:
Астрономия мен қазақтың «жыл қайыруы» арасында қандай байланыс жатыр?

Жапондар қазір ең озық ұлт ретінде аталып жүр. Қалай? Себебі, олар ұрпаққа тарихи сананы сіңіріп келеді. Қазақтың дәстүрі, өткен өмірі бұрынғының керексіз сарқыншағы емес. Керісінше, ұлтпен бірге жүре беретін құндылықтар.
Осы ретте, кино ғаламат роль атқара алады. Бұл сөзсіз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында кино өнерінің таным-түсінік, санаға байланысты ролін қозғауы тегіннен тегін емес.
Еуропаға өркениетті апарған ислам ғалымдарының бірегейі Әл – Фарабиді тану қазақ үшін қазір ауадай қажет қадам. Олай дейтініміз, сонау ерте дәуірде өмір сүргеніне қарамастан, Фараби мәңгілік өлмейтін ғылымның негізін қалап кеткен.

«Фараби астрономия мен астрологияны өте терең білген адам. Орта ғасырдан бастап дүние жүзіне тараған астрологияның бетін ашып, сырын шешкен осы Фараби болып саналады. Бірақ ол астрологияны үйретіп, оны қолдануды көздеп, түзету енгізген емес. Оның шын мағынасында негізі қайдан шыққан, шындығы мен өтірігі қайда, осыны көрсету мақсатын көздеді» дейді ғалым Рашид Каренов.
Мәселен, қазір адамдар даурығып жүрген нумерология, бал ашу сияқты нәрселердің надандық екендігін ғалым әу бастан айтып кеткен. Бұл туралы ғұлама ғалым «Талиғынаме», яғни бал ашу кітабында жазған.
«Гороскоп» бойынша болашақты білуге болады деушілердің ісін Фараби ашықтан-ашық надандық немесе адам аулаған арамзалық дейді. Осы пікірін ол жалпы астрономиялық, математикалық-логика əдісімен дəлелдейді.
Жалпы астрология негізін, оның ішінде Фарабидің оған көзқарасын талдау өте қызықты жəне ғылымға аса қажет.
Планеталардың салыстырмалы жүрісін Фараби былай түсіндіреді: Ай шапшаң, Сатурн (Зұхал) баяу жүреді деп саналады. Оның себебі Ай бізге ең жақын планета, Сатурн алыс планета. Сондықтан, оның айналыс жолы (орбитасы) қашық, бізге оның жүрісі жай болып көрінеді. Расында, керісінше болуы да мүмкін, бəлки, Сатурнның жүрісі Айдан шапшаң да болар деген пікірді айтады. Осы пікірдің өзі аспан денелерінің қозғалысы жөнінде Фарабидің дұрыс бағытта болғанын көрсетеді» дейді ғалым Рашид Каренов.
Шыны керек, Фараби еңбектерінің тереңдігі сол, арада қанша ғасыр өтсе де, біздің ғылыми әлеуетіміз ғалымды толықтай танып білу алдында әлсіздік көрсетіп жатыр. Біздің бүгінгі мақаламызға арқау болып отырған астрономия, астрология бағытындағы еңбектер ғалымның бір қыры ғана.
Ғалымның астрономия-астрология бағытындағы құнды пікірлерінің өзі өркениет бастауы болған ғылым тарихымен, қала берді Шығыс елдерінің, оның ішінде Орта Азия мен Қазақстанның ертедегі мəдени мұраларымен астасып жатыр. Ғалым Рашид Кареновтің пікірінше, Фарабидің бір қырын тану арқылы біз халқымыздың жыл қайыру, есептеу, аспан «ертегілерін» талдау мəселесіндегі талай тамаша жұмбақтарын шеше аламыз.

Ендеше, Фарабидің бір ғана қыры өз алдына зерттелетін болса, үлкен – үлкен кинолар жасалар еді. Біздіңше, Фараби феномені сәби санадан бастап сіңірілуі тиіс. Өйткені, өз ұлтының тарихын біліп, тамырымен сусындап өскен ұрпақ адаспайды.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *