Қызымыз қандай болса, ұлтымыз сондай…

Қоғам

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көтерген ұлттық код​ мәселесінен шығады, асылында, ұлтты жасайтын әйел. Өйткені, ұлттың болашағы ұрпақ – әйел ананың құрсағынан өсіп шығады. Сол ұрпаққа тәрбие беретін де әйел ана.

Әйел адамның жаратылысында адалдыққа, тазалыққа бейімділік және табиғи мейірім бар. Ол өз шаңырағының ғана емес, қоғамның да тазалығына, тәртібіне, тәрбиесіне жаны аши біледі, жауапкершілікті сезінеді. Сонысымен де, әйел тектіліктің, ізгіліктің бастауы.

Осы ретте дін саласында ұзақ жылдар еңбек еткен филология ғылымдарының кандидаты, ақын Айнұр Әбдірасылқызының ойларын ұсынуды жөн көрдік.

​ «Алып анадан, ат биеден туады» дейді халқымыз. Алтын құрсақты аналардың тектілігінің, тазалығы мен тәрбиесінің ұрпақ үшін қаншалықты маңызды екенін аталарымыз осы бір мақалдың аясына сыйғызған. «Ет бұзылса, тұз себесің, тұз бұзылса не себесің?» деп мақалдаған қазақ, қызды, яғни, болашақ ұлт анасын бұзылудан сақтау үшін қырық үйден тыйым сала білді.

Қыздың әр қадамын назарда ұстап, «Ұлтыңды тәрбиелеймін десең, қызыңды тәрбиеле» деген қанатты сөзді қалдырды. Соның нәтижесінде, ерлігі ересен, елдігі кемел ұлт болғанымыз баршаға белгілі.

Ал, бүгін қандаймыз? Жауап айқын – қызымыз қандай болса, ұлтымыз сондай. Ал қыздарымыз… ала-құла. Тектілігін танытып, ибалы, инабатты мінезін сақтап, иіліп тұрған, қарасаң, көз сүйсінетін қыздарымыз аз емес. Қолынан да, тілінен де келетін, орнын да, айтарын да білетін, алмас қылыштай жарқылдаған ерге бергісіз бойжеткендеріміз де бар.

​ Бірақ өкінішке орай, арзан әңгіме, орынсыз қылжаңға бой алдырып, құнсыз құндылықтарға алданған, ақыл-парасат пен әдеп-ибаны ысырып тастап, пайдасы өз басынан артылмай, дүнияуи игіліктерді ғана көздеуге бейімделген қыздарымыз да жетерлік. Қай тарап басым түссе – елдің ертеңі соған байланысты болмақ.

​ Бір қиыны, ақымақтың үлкен-кішісі болмайтыны секілді, жамандықтың да аз-көбі болмайды. Аз боп көрінетін, бірақ, көп болып шығатын, яғни, ақырғы салдары көп болатын келеңсіз құбылыстар бар. Қыздарымыздың аз бөлігінің болса да, азуына жол бермеуіміз керек еді…

Өкінішке орай, бұл да өткен шақтың әңгімесі болып қалды. «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен» болып, қыздарымыздың тәрбиесіне көп көңіл бөле алмадық. Бізге бой бермейтін еркімізден тыс үдерістер де болды. Ендеше, өкпеміз өз басымызға болуы тиіс. Ендігі жерде келешекті қамдауымыз қажет» дейді Айнұр Әбдірасылқызы.

«Бақпаса бала кетеді, қарамаса әйел кетеді» дейді қазақ. «Баланы жастан, әйелді бастан» деген де сол қазақ. Осының бәрі – тәрбиенің төңірегіндегі әңгіме. Бірақ, бұл отбасындағы тәрбиеге ғана қатысты сөз емес.

​ Дәстүрлі қазақ қоғамы қалай қалыптасып еді? Бүкіл ел болып ортақ құндылықтарды, әдет пен әдеп заңдарын ұстанғаны, қастерлегені, қадағалағаны, сақтағанының арқасында ғана ел болды. Жалпы, елдіктің өлшемі – ортақ құндылықтар мен дәстүрлерге адалдық десек, артық айтқанымыз емес. Бүгінгі қазақ қоғамы да осы қағидатты қабылдауы керек.

​ «Біреу жаман болса, оған замандастарының бәрі кінәлі» дегенді Абай тегін айтқан жоқ. Демек, отбасымен бірге,​ ​ жалпы қоғамда тұтастық болуы керек.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *