Орындалған арман

Мәдениет

Бала кезінен ағаштың құдіретін сезініп, әкесінің қасында ағашты өңдеу, әшекейлеу өнеріне араласып өскен атыраулық Нұрсұлтан Қалиевтің бала кезгі арманы ағаш ұстасы болу еді.

Ал, бүгінде оның түрін білмегенімен, музейлерде оның қолынан шыққан туындыларды көргенде таңданбаған жан аз шығар.

– Ағаштан бұйым жасауға деген қызығушылық мектепте 6-7 сынып оқып жүрген кезімде басталған. Шабылған ағаштардың пішініне қарап отырып көзбен түрлі мүсін салатынмын. Бірде пышақпен қыран құстың мүсінін жасадым, бұл «туындымды» еңбек сабағыңда ұстазым жақсы бағалады, – дейді қолөнерші.

Нұрсұлтан қазіргі кезде облысымызға ерекше композициялы мағыналы кәдесыйлар жасаумен белгілі қолөнерші. Соңғы жылдары қобыз, домбыра секілді ұлттық музыкалық аспап түрлерін де жасап жүр. Оның арнайы тапсырыспен жасаған бірнеше осындай аспаптары қазір облыстық тарихи-өлкетану музейінің көрмесіне қойылған.

Анықтама: Нұрсұлтан Қалиев 1978 жылы 20 ақпанда Атырау қаласы Балықшы кентінде дүниеге келген. 1993 жылы мектепті тәмамдап, 1995 жылы қалалық №2 училищені электрик мамандығы бойынша бітіріп шығады. Осы жылы Атырау агротехникалық колледжіне түсіп, 1998 жылы техник-механик мамандығын игерді. Кейін 2001 жылы әскердегі борышын өтеп келген соң сол жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіндесуретші-безендіруші мамандығын алған.

Сіз бала күннен бері ағашпен жұмыс істеп келіп, майлы бояумен картина жазуға көштіңіз. Қолөнершіліктен суретшілікке келуіңізге не түрткі болды?

Қолөнершілік бала кезден қанмен сіңген қасиет. Ал, суретшілікті қатар алу үшін бейнелеу өнері мамандығында оқығанмын. Сурет салу, майлы бояумен жұмыс жасау сол кезден басталып, аға суретшілермен бірге пленерлерге шығып, кәсіби шеберлігімді шыңдадым. Бояу, түстерді араластыра ойнату, маған осы өнерге қызығуылық әкелді. Көбіне пейзаждар салып, қазақ ауылының көрінісін бейнелегенді ұнатамын. Таныстарым Атыраудың көріністерін, көпірін, Жайықты салып берші деп сұрайды.

Ағаштан ерекше шебер туындыларды тіпті домбыра, қобыз аспаптарын жасайсыз. Шығармашылықтың осынай биігіне жетуіңізге нұсқау берген ұстаздарыңыз болды ма?

Аспаптарды жасау ізденіспен келді десем болады. Домбырада ойнайтын адамдардан сұрау арқылы домбыраны жасап, үнін келтірдім. Алматыда ағаш өңдеу шеберлік семинарына қатысқанмын. Ең алғашқы жұмысыма тапсырыс Дина Нұрпейісова атындағы халық аспаптар оркестрінен, Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармонияда жұмыс істейтін қобызшы қыздардан түсті. Олар қобызға тапсырыс берді. Содан қобыз туралы зерттеп, мағлұмат жинап барып жасап көрдім. Қобыз шектерінің бірі 60 ат қылынан, екіншісі 70 қылдан жасалады. Олар бір-біріне шатаспай, әр қайсысын бөлек тарту қажет. Әйтпесе, дыбысы дұрыс болмайды. Жасаған жұмысыма қобызшылар жақсы баға берді. Одан кейін тұтас ағаштан домбыра жасадым.

Бұйымдарыңыздың бірқатары музейлерден орын алды. Қалған бұйымдарыңыздың жалпы көпшілікке танытып, неге шелелге, өз елімізге бренд ретінде сатылымға шығармасқа. Еңбектеріңіздің жарнамасын жасау жағы жергілікті биліктен қолдау тауып жатыр ма?

Жарнама мәселесі қиындау қазір. Шетелге шығару өз алдына қаламызда қойып сататын орнымыз жоқ. Үйде гаражда шаң басып тұрғаны. Амалсыз өз күшімізге сенуге тура келеді. Атырау кішкентай қала болғанымен, көбі бізді біле білмейді. Жасап жатқан дүниелерімізден бейхабар. Үкімет тарапынан әр суретшіге шеберхана немесе галерея ашып беру қиын шығар, бірақ халық тегін келіп тамашалайтын ортақ көрме залдары болса деймін.

– Жасаған жұмыстарым гаражда шаң басып жатыр дедіңіз.  Кәдесыйларыңызды неге сатылымға шығармасқа?

Бутик ашып, сонда жұмыстарымды қойсам деген ой болған. Бірақ, жалға алу құны қымбат болды. Қаладағы үлкен сауда орталықтарында 1-қабаттағы бутик үшін айына 1 миллион теңге сұрайды. Тұрақты сатылып кетіп тұрса жақсы, бұл ай сайын өтетін жұмыстар емес. Сондықтан, халыққа жұмыстарыңды көрсететін жер – галерея залы керек.

– Сізге көбіне қандай бұйымдарға тапсырыс түседі?

– Қобдиша, қосжүзік, картиналарға. Тапсырыстан гөрі өз идеям бойынша жасалған жұмыстарды көп алып жатады. Бағасына қарамай алатындар сирек.

Ең қымбат жұмысыңыз қандай?

Ең қымбат жаныма жақыны ол өз идеяммен жасалған «Шебер қолдары» деп аталатын туындым. Оны миллион берсе де сата алмаймын. Ол жұмысымда шебердің жұмыс жасап жатқан қолдары бейнеленген. Өзіме жасаған сыйлығым десем болады.

Өзіңіздей қолөнерші боламын дейтін, ізіңізден ерген жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

Ең бастысы аянбай еңбек ету керек. Қолшеберлігі болса жұмысынан көрінеді. Соны мойындату арқылы өзіңдік қолтаңбаңды қалыптастыру қажет. Сапалы, қазақи шеберлікпен жасалған жұмыс ешқашан жерде қалмайды.

Нұрбейбіт Нұғыманов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *