Еріктілердің ісі ерлікпен пара-пар

Денсаулық

Аурумен күресте алдыңғы шепте жүрген бүгінгі
күннің батырлары – дәрігерлер. Алайда олар да көмекке мұқтаж болған кезде, оларға қол ұшын созып жәрдемдесуге келген атыраулық  еріктілерді азаматтың асылы деуге болар. Атырау облыстық ауруханасының
провизор орталығында медицина қызметкерлерінің тапшылығы туындаған кезде, науқас жандардарға жәрдемдесіп, оттың ортасынан табылған ерітілермен жақында әңгімелесудің сәті түскен еді.

Мира ЕСЕНИЯЗОВА – өмір мен өлімнің арпалысына түсіп, ауа жетпей қиналғандардың ортасына ең алғашқы болып барған еріктілердің бірі. Мира 37 жаста. Үш баланың анасы. 2017 жылдан бері қоғамдық жұмыстарға ерікті болып жүр. Ал наурыз айынан бастап Атырау облысының еріктілер штабының мүшесі.  

Қиын кезеңде өз денсаулығыңа тәуекел етіп, осы жауапты іске кірісіп кетуге үлкен батырлық қажет. Көпеген ер азаматтардың өзі оттың ортасында жүргендердің ерлігін қолдаса да, ол жерге баруға дәті бармайтынын ашық айтқан болатын. Сізді бұл жерге баруға не итермеледі. Қалай тап болдыңыз?

Ешқашан медицина саласында ерікті боламын деп ойламаппын. Облыста коронавирустан қайтыс болғандардың саны артып, індеттің өршіп тұрған кезеңінде еріктілер штабының басшысы Әмина Жәрдемқызы хабарласып, аурухананың сыртқы жұмыстарына көмектесетін адам жетпей жатқанын жеткізді. Содан ауруханаға барып, «қандай көмегіміз қажет» сұрадық. Ол жаққа науқастарға палатасына дейін тамақ жеткізіп беретін, оттегі таситын, шлагбаумда тұратын адам тапшы екен.

Осылайша, біз өзара ватсап тобымызда ақылдаса келіп Талғат Тұрданбаев, Асхат Ахатұлы және Динара Темірғалиева төртеуміз бірден барамыз деп келістік. 2 шілде күні ауруханаға келіп, жұмысты бастап кеттік.

Бастапқы күні есік алдында жедел жәрдемді кіргізіп шығаратын шлагбаумда тұрып, күзетке көмектестім. Ол уақытта Атырауда пневмония өршіп, көп адам қайтыс болып жатты. Жедел жәрдемнің артынан өз көліктерімен ілесіп келген халықтың жүйкесі тозған, ашулы. Олар күзетшінің тәртібіне көнбейтін. Ал көлігін шлагбаум жаққа қойса, басқа жедел жәрдем көліктері кіре алмай қалатын. Біз шлагбаумнан жедел жәрдемді кіргізіп, артық көлікті шығарып, оларға қай жерге тұру керектігін нұсқап жүрдік.

Аурухананың сыртқы жұмысына ғана көмектесеміз,  науқастарға сырттағы туысынан керек жарағын жеткізіп тұрамыз деп ойлағанбыз. Бірақ палатаға кірген кезде ауа жетпей қиналып, оттегі қосып беретін адам таба алмай жатқан науқастарды көріп, ойымыз мүлдем өзгерді. Бізге үмітпен қарап жатқан науқастарды көрген соң ары қарай көмектесеміз деп шештік. Өйткені, бір оттегі баллоны – бір адамның өмірі екенін түсіндік.

Сыртқы жұмыстарына көмектесемін деп барып, провизордың ішінен бір шықтыңыз. Ол жердегі жұмыстарыңызға не кірді, қиындық тудырмады ма?

Біздің ол жердегі негізгі жұмысымыз – оттегі баллонын жеткізу. Баллондарды толтырып әкеп береді, біз оны сырттан ішке кіргіземіз. Бұл өте қиын жұмыс. Өйткені баллондар 80-90 келі. Бір балон бір науқасқа 3-4 сағатқа жетеді. Динара екеуіміз баллондарды жерге жатқызып, провизор орталығына дейін теуіп апаратынбыз. Асхат пен Талғат бірден ішке еніп кетті. Олар  індет ошағында жүргендіктен, оларды сыртқа шығармайтынбыз. Олар біз жеткізіп берген оттегі баллондарын 2-ші, 3-қабаттарға көтеріп, науқастарға апарып қосып береді.

Мамандардың тапшылығы соншалық, жетінші күн дегенде  аурухананың ішіне кірдім. Ол жердегі жұмыс психологиялық тұрғыда қиын болды. Қиналып жатқан ауыр науқастарды көргенде шыдай алмай, қайтамын деген күндерім болды. Өйткені ондайға дайын емес едім. Палатаға алғаш кірген кезімде ауа жетпей ентігіп жатқан бір апа оттегі жастығын беріп, толтырып беруімді сұрады. Өмірі ондайды көрмеген соң, оны қалай толтырады деп сасып, оны Асхат деген ерікті жігітке бердім. Екі-үш сағаттан кейін бұлай етуге болмайды, көмектесуім керек деп есімді жиып, бойымды үйрете бастадым. Кейін үйреніп кеттік.

Оның үстіне туған-туыстарымыз «үйдегі ата-аналарыңды аямайсыңдар ма, сендер отпен ойнап жүрсіңдер» деп қысым жасады. Ал, үйге кетіп қалсақ, 2-3 сағаттан кейін медбикелер телефон соғып, «науқастарға оттегі керек» дейді. Ондай кезде қалай шыдап отырасың, қайтып келдік. Оттегі деп көзі жәудіреп жатқан науқастар бізге мұқтаж, сондықтан олар жазылғанша осында қаламыз деп шештік.

Кейін қайтыс болған адамдарды мәйітханаға тасуға көмектестім. Ауруханада медбикелер мен санитарлардың бәрі әйелдер, арасында бір ер адам жоқ. Ал бірақ қара жұмыстың бәрін осы әйелдер істейді. Қайтыс болған адамдардың сүйектері ауыр. Содан медбикелер бізден көмек сұрады. Мәйітті бірінші көргенде есеңгіреп, жүрегім ұшты. Артынан өлі адам ештеңе жасай алмайды ғой, тірі адамнан қорқу керек деп сабырға келдім. Сөйтіп, қорғаныш костюмімді киіп, мәйітханаға мақұмдарды тасуға көмектестім.

Ол жақта қайда жатыңыздар?

Алғашында үйден барып жүрдік. Жағдай қиындаған соң аурухананың жанында палаткада жатып жұмыс жасайық деп шештік. Сол жерде жаттық, сонда тамақтандық.  Палаткада жағдай мәз емес, бірақ көнесің. Алғашқы жеті күнде ыстық тамақ ішпедік, шынын айтқанда, ыстық тамақ пісіретін уақыт болмады. Печеньемен шай ішетінбіз. Содан Әйгерім «біз індет ошағына кірмесек те, сонда жүрген еріктілерге тамақ апарып тұрайық» деп, штабтағы еріктілер бізге ыстық тамақ жеткізіп тұрды. Өйткені мұндай індет ошағында иммунитетті түсіріп алмау керек, біз күні бойы қорғаныш костюмімен жүреміз. Оған сырттан ауа кірмейді. Күні бойы қара терге шомылып жүресің. Сөйтіп, тамызға дейін бір ай қалай өткенін білмедік.

Сол уақытта провизорға келмесе де бізге қала тұрғындары, бірі қолындағы 200 теңгесін, енді бірі 1000 теңгесін аударып, қаржылай қолдау білдірді. Оларға да рахмет.

Майдан ішінде жұмыс жасауға айналаңыз қарсы болмады ма?

Әрине, үш баламды ата анама тапсырып кеттім. Анама жұмысымнан covid-19 жұқтырған науқаспен  байланыста болып, оқшаулау палатасында жатырмын деп алдадым. Ауруханаға көмектесуге барамын десем балаларымды алып қалмас еді. Бірақ амандық сұрап қоңырау шалған сайын сөз арасында байқамай палаткадамын дегенді айтып қаламын. Сен палаткада жатсың ба, палатада жатсың ба, қандай дәрі егіп жатыр деп сұрайды. Шындықты айтсам ренжитінін білемін. Бірақ кейін естіді.

Телеарнадан журналист Жанат Молдашева келіп хабар жасап, жұмыстарымызды түсірген болатын. Кешкісін жаңалықтар қарап отырған анам, менің оттегі балонын домалатып жүргенімді көріп қалыпты. Ренжіп қоңырау шалды. «Балаларыңды ойла, бізді ойла, ертең балаңды ауыртасың деп үйге қайтуға мәжбүрледі.  Бірақ бара алмадым. Үйге 14 күн карантинге жатып, тест тапсырып біржола барармын деп ойладым. Өйткені мен бұл жерден кетсем науқастарға оттегі уақытында жетпей қиналып қалатынын түсіндім. Науқастардың жалынышты көз жанарлары мені үйіме жіберген жоқ.

Ең қиыны – қаралы хабарды естірту

Есіңізде қалған ерекше жадаймен бөліссеңіз

Бір күні атыраулық бір келіншек перзентханадан 80 пайыз пневмониямен келіп түсті. Төртінші баласын босанып, сәбиін өзі көрместен жағдайы нашарлаған соң жан сақтау бөліміне алып келді. Үш қыздан кейін күтіп жүрген ұлы екен. Артынан еріп әкелген туыстары маған апамыздың жағдайын біліп, хабарлап тұршы, керек жарағы болса жеткіземіз деп номерін қадырды. Мен ол кісіні өзіме аманат ретінде қабылдадым. Келесі күні амандығын білейін деп барсам, дәрігерлер мені ол жерге кіргізбей қойды.  Күнде өттегі әкеліп жүрген жеріміз ғой десек те, есігіне жақындатпады. Сөйтіп жағдайын білу үшін бас дәрігерге хабарласым. Ол аты жөнін сұрады да «естімедің бе, ол кісі түске дейін қайтыс болды ғой»,  деді. Сол сөз менің төбемнен салқын су құйып жібергендей болды. Үйіндегілер меннен үміт күткен еді, жағдайы ауыр десем де аман деуімді күтеді ғой қатты уайыдадым. Есеңгіреп қалдым. Өзімді аманаттан айырылып қалғандай сезініп, оны туыстарына қалай жеткізерімді білмей қасымдағы еріктіге қолқа салдым. Ол хабарласып жеткізді, олар да сол уақытта естіп жатыр екен. Сол кезде мойнымнан бір жүк түскендей болды. Қаралы хабарды туыстарына жеткізу өте қиын жағдай.

Ерікті болған кезіңізде не түйдіңіз?

Өмірде жақын адамыңды мәңгіге жоғалту дегенді түсіндім. Таңертең жағдайын сұрап кеткен адам кешке барсаң жоқ болады. Қасында жатқандар олар бірер сағат бұрын қайтыс болды дейді. Қазақ болған соң тіпті кейбірімен жақын танысып та қалғанбыз. Жақыныңнан айырылғандай боласың.

Түйін. Мемлекет басшысы 2020 жыл – еріктілер жылы деп атауы да биылғы оқиғаларға дәл келгендей. Өйткені осы жылы қоғам шынымен де еріктілердің көмегін көп көрді. Халықты елеңдеткен оқиға – Жұлдыз ықшам ауданында 3 жасар кішкентай сәби жоғалғанда, коронавирус індеті өршіп провизорлық орталыққа қызметкерлер жетпеген кезде де, құрбан айт мейрамында мұқтаждарға құрбандық малын жеткізу кезінде де еріктілер өздерінің қажет екендіктерін сезініп, бір кісідей жұмылды.    

Наурыз айында індет облысымызға жеткен кезде Атырау облыстық Ішкі саясат басқармасының «Азаматтық орталық» коммуналды мемлекеттік мекемесі директоры Әйгерім Жәрдемқызы еріктілер н құрған еді. Ондағы еріктілердің ең кішісі 17 жаста, үлкені 50-ден асқан азамат пен азаматшалар болды. Олар  бес бағытта жұмыс жасады:

Авто-еріктілер (тұрғындарға азық-түлік, дәрідәрмек таратуға көмек);
2. Медицина еріктілері (жедел жәрдем қызметкерлеріне көмек);
3. Мониторинг жүргізетін еріктілер (азық-түлік бағасына мониторинг жасауға көмек);
4. Рейдке шығатын еріктілер (полиция қызметкерлеріне көмек);
5. Ерікті тігіншілер (бірнеше мәрте пайдалануға болатын бетперделерді тігуге көмек).

Айта кетейік, аталған санаттағы еріктілер арасына дер кезінде Атырау облысының спортшылары да қосылып, қол ұштарын созды.  Мейрамханалар азық түлікпен көмектессе, қатардағы қала тұрғындары қаржылай қолдау көрсетті. Бір жеңнен қол шығарғанның арқасында қазір провизорлық орталық жабылып, жағдай тұрақтанды.

Бүгінгідей «мылтықсыз майдан» кезінде адамзат баласын бір мақсат жолында бірігу ғана құтқаратындай. Себебі қай кезде де жұмыла көтерген жүк жеңіл болары анық.

Нұрбейбіт Нұғыманов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *