Ақын болу міндет емес, азамат болу парызым

Мәдениет

Атырау облысында айтыс өнерінің дамуына үлес қосып, облыс ақындарының санын арттырып тұрған Исатай ауданы. Кезінде облыстың намысын қорғап, аламанда көпшіліктің делебесін қоздырған Шынырбек Қабиев, Саадат Нұрмановтардың ізіне ерген бүгінгі жастардың өзі республикалық айтыстың дүбіріне қосылып үлгерді. Соның бірі республикалық айтыстардың жүлдегері, ақын, Амангелді Панабердиевпен әңгімелескен едік.  

Айтыста жүрген он жыл ішінде өнеріңізді мойындатып, өз көрерменіңізді таптыңыз. Өзіңізді үлгі тұтқан жас ақындар да жоқ емес. Сіз үшін ақын болудың басты талабы қандай, өзіңізге қандай жауапкершілік артасыз?

Ақындық ол  – көп адамға беріле бермейтін, маған алланың берген үлкен сыйы. Ол жәй ғана өлең құрау, ұйқастыру емес, сол өлеңнің ішіне халықтың мұң зарын сыйғызу, жетістігін жеткізу. Міне осы қасиеттерді жоғалтпай, аманатты мойнымда арқалап жүру маған үлкен жауапкершілік жүктейді.

Ақындық өнер бойыңызда неше жасыңызда сезіле бастады. Тума талант па әлде ізденіспен, қызығушылықтан келді деп ойлайсыз ба?

Бойымдағы ақындық қасиет мектеп қабырғасында жүрген кезде байқалған. Ол ананың сүтімен, әкенің қанымен келген қасиет десем болар. Өйткені аталарымызда да, отбасымдағы туған ағамда да айтыскерлік қасиет бар. Егер бұл қызығушылықпен келген өнер болса ұзаққа бармас еді. Мектеп кезінде өлең жаздық, ұстаздарымыз бәрекелді, мына бір өлең керемет деп баға берген соң шабытымыз да шыңдала түссе керек. Одан кейін алдыңғы буын ағаларға еліктеп, өнерімді сахнада көрсете бастадым. Ел алдына шығып, аз да болса талантымды мойындаттым.

Кімді үлгі тұтасыз және қандай жақтарын?

Өзімнің туған ағам Серікбол Панабердиевтің айтысын көріп өстім.  Одан қалды көгілдір экраннан айтыскер Бекарыс Шойбеков, Мұхамеджан Тазабеков секілді ағаларды үлгі тұттым. Олардың әр айтқан шумағында мағына жататындығы және сахна мен өмірде де ұстаныммен жүретіндігін үлгі тұтатынмын. Кейін осы ағалармен кездескенімде де оларды үлгі етіп өскеніме өкінген емеспін.

Кейде бақ шабады, кейде бап шабады. Әділ бағаланып жүрсіз бе?

Әділ бағаланып жүрмін деп санаймын. Бірақ жарыс болған соң әділетсіздік болып жатады. Айтыс тұлпардың аламан бәйгесі емес, қай тұлпардың мойыны мәреге бірінші болып жеткенін ел болып көре алатын.  Өнерге қазылар баға берген соң кейде төрелігіне көңіл толмайтын кездер болады. Қазір бәріне етіміз үйренді. Жақсы өнер көрсетіп бәйге ала алмай жүрген бауырлар бар. Соларға қарап өзімде аса қатты әділетсіздік болып жүр деп айта алмаймын. 

Сіздің ше айтыс өнері облыста қандай деңгейде, несімен артық, не жетісейді?

Біздің облыста айтыстың деңгейі жоғары деп айта алмаймын. Біріншіден мектеп жоқ. Айтыс сол жарыс қалпында өтеді. Ақындар бір айтысынан сабақ алып келесі жарыста сол қателікті қайталамайтындай дайындықпен келсе жақсы ғой. Аға буын ағалардың өзі де кейде сахнада ақсап қалып жатады. Бұл тәжірибе алмасатын ортаның жоқтығынан.

Айтысқа шығудағы мақсатыңыз қандай?

Өнерімді көрсету, елдің мұң мұқтажын хал жағдайым жеткенше жеткізу. Айтыстан ақша тауып байып қалайын деген ой жоқ. Керісінше халықты рухани байытсам деймін. Әр айтыста бір сөзім болса да халықтың есінде қалса ол мен үшін бір жетістік.

Ақындардың көбі асабалықпен айналысады, бұл ақынның ізденісін тежемей ме?

Өте орынды, және бұл тап маған арналғандай екен. Әрине, асабалықпен айналысу ақынның ізденісіне кері әсерін тигізеді. Екінші жағынан біреудің жазғанын жаттап алып асаба болып жүрген кейбір азаматтарды көргенде, ақынның асаба болғаны жақсы ма деп ойлайсың. Қазір тойды шоу деп айтамыз. Өзім де тойларда асабалық қызмет көрсетіп жүрмін. Шоуға қатты мән беремін деп, тойдың буымен айтысқа дайындықсыз келіп, халықтың көңілінен шыға алмай қалған кез басымнан өткен. Содан бері егер айтысқа дайындалатын уақытым тығыз болса, тойлардан бас тартатын болдым. Сондықтан асабалық ақынға жат болмағанымен ақын боламын, жауапкершілікті сезінемін деген азамат асабалықты доғарғаны жақсы.

Соңыныздар ерген, тәрбиелеп жүрген шәкірттеріңіз бар ма? Оларға қандай кеңес берер едіңіз.

Кеңес сұрап келетін інілерімді айтпағанда, әзірге айтысқа жеке баулып жүрген шәкірттерім жоқ. Ендігі шәкірт тәрбиелейтін жасқа келдім. Алдағы уақытта балаларды айтысқа баулып, осы уақытқа дейін үйренген-түйгенімді соларға үйретіп, өзім жетпеген жетістікке жеткізсем деймін. Оларға айтар кеңесім жүлдеге ғана қызықпай, сөзімен есте қалатын ақын бол дер едім.

Қазір немен айналысып жатсыз, карантиндегі шығармашылығыңыз туралы айтып берсеңіз?

Қазір айтыстар жоқ, арасында өлең жазып, оны барынша өнегелі қылып жазып, газет беттеріне беріп жүрмін. Қазір әлеуметтік желі бар, ол жерде де оқырмандарыммен бөлісіп отырамын. Жалпы өлеңдерімді кітап қылып басып шығаруға жинау үстіндемін. Өлеңімнің көптігі емес мағыналы болуына мән беріп жатырмын.   

Алдағы мақсатыңыз?

Мақсатым жоғарыда айтқандай, сапалы, білімді шәкірт тәрбиелеу. Соларды шыңдап, чемпион шығару. Шәкірттерім деп айтатындай елдің мүддесіне жарайтын ақын тәрбиелесем деймін. Өзімнің шығармашылық кешімді беру де жоспарымда бар. 

Әңгімелескен Нұрбейбіт Нұғыманов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *