Арбада отырып ауылына қызмет етуде

Денсаулық

Ауыл тұрғындарының кәсіппен айналысуы үшін мемлекет тарапынан берілетін қандай қолдау мен жеңілдік болса, атыраулық кәсіпкер әйел Әлия Исимова оны толық қолданумен көпке үлгі көрсетіп отыр. Ол мүгедек арбасында отырып-ақ, бір ауылға толық қызмет көрсетіп, артылса балалар үйіне қайырымдылық жасап жүрген ерекше жан.

Әлия Атырау қаласы Геолог елдімекенінде тұрады. Жасы 54-те, екі баланың 9 немеренің әжесі. Балаларды өсіріп жеткіземін деп қаладағы «Дина» сауда орталығында сатушы болып жүрген кезінде екінші қатардан құлап 1 топ мүгедегі атанған.  

Арбаға таңылып он жылдай жұмыссыз қалдым. Дәрігерлер жұлының үзілген деген диагноз қойды. Базарға шығып қайтадан саудамен айналысуға талпынып көрдім, алайда ол жақтағы орынға таласу, әрі тұр да бері тұр деген базар тірлігін саулығым көтермеді. Содан үйде отырып, жиған жәрдемақыма пайдаланылған 3 тігін машинасын сатып алдым. Сөйтіп оны аула ішіндегі сарайға орнатып тұрғындарға қызмет көрсетуді бастадым. Өзімнің бұрыннан тігіншілік қабілетім бар еді, сөйтіп жұмыссыз жүрген көрші келіншектердің басын біріктіріп, жұмыс жасай бастадық. Ауылдық жер болған соң кәсібіміз тез таныла кетті. Бірі шалбар қысқартамын, бірі көйлек піштіремін деп келеді.

Тұрақты клиенттері жиналған соң Әлия шарбақтан шығып үлкен шеберхана ашуды жоспарлайды. Алдымен «Даму» қоры мен екінші деңгейлі банктерге жолығады. Алайда, олардың несие рәсімдеу үшін міндетті түрде гаранд болу керектігі туралы талабы  ұнамайды.

Жаңалықтардан «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» туралы естідік. Барғанымызда ол жердегі мамандар жаңа кәсіп ашқысы келетіндер үшін жасалған барлық жеңілдіктерді түсіндірді. Тіпті кәсібіңді тұрақты табыс көзіне айналдырып алғанша 18 айға дейін несие төлеуге коникуль алып, келесі жылы қосып өтеуге болатын жеңілдіктерін жеткізді. Бизнесті қалай бастаймын деп сенімсіздікпен келген мен секілді бастауыш кәсіпкерге бұл үлкен қолдау болды.

Сөйтіп, Әлия мамандармен кеңесіп, 2016 жылы Геолог ауылында тігін шеберханасының құрылысын жүргізу үшін Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының «ауылдық жерлерде шағын және орта бизнесті несиелендіру» бағдарламасы арқылы 6 пайыздық мөлшерлемемен 5 жылға 6 млн теңге қаражат рәсімдейді. Жергілікті әкімдіктен үйіне жақын орналасқан бос жер учаскесін алып, сол жерге тігін шеберханасының құрылысын бастайды.

Бұған дейін бірнеше екінші деңгейлі банктердің талабымен танысқан Әлияға салыстырмалы түрде Қазагро шарттары бірден ұнайды. Құрылыс біткен соң 2017 жылы алғашқы бағдарлама бойынша тағы 3 млн несие рәсімдеп, шеберхана ішіне құрал жабдықтар мен тігін машиналарын сатып алып, жұмысын толық іске қосады. Сөйтіп бұрын сарайда тапсырыс алған кәсіпкер енді жаңа шеберханада сұранысқа сай барлық тапсырыстар қабылдай бастайды. Шеберхана шағын ауыл тұрғындары үшін үлкен жаңалық болады.

2018 жылы кәсібімді кеңейтіп, заманауи үлгіге сай тіге алатын машиналар сатып алу үшін тағы 5 млн теңге рәсімдедім. Бұл несие маған енді «кәсіпкер» бағдарамасымен 4 жылға берілді. Бүгінде көбіне балалар  киімін тігіп жергілікті нарыққа өткізіп отырмыз. Сұраныстың арқасында несиені жабуға да табыс молынан жетіп отыр. Оған қоса жергілікті жұмыспен қамту орталығына тіркелген 10 әйелді жұмыспен қамтып отырмын. Тігіншілерге жалақының 40 пайызын өзім төлеймін, қалғаны үкімет тарапынан беріледі. Ол да жас кәсіпкерге біршама жеңілдік. Соның нәтижесінде, жылына 2-3 рет балалар үйіне де киіммен көмектесіп отырған жайымыз бар. Бұның бәрі балаларымның ауызбірлігінің және үкіметтің ауыл кәсіпкерлеріне жасаған қолдауының нәтижесі, – дейді Әлия Исимова.

Әлия жақында 300 шаршы метр тігін шеберханасын тағы 140 шаршы метрге ұлғайтқан.

– Төтенше жағдай кезінде бетперделер тігумен айналыстық. Негізгі бағытым балалар киімін тігу болғандықтан, қазір мектеп, балабақшадан тапсырыстар түсіп жатқан қарбалас кезең. Заман талабына сай жұмыс жасау қажет. Өткен жылы балаларға арналған киімдерімізге «Атасының баласы», «Әжесінің еркесі» деген жазулар жазып әкеліп нарыққа шығарып көріп едік. Халық бірден талап әкетті. Яғни, сұраныс мол екенін білдік. Енді шеберханада тіккен киімдерімізге түрлі жазу жазатын машина сатып алмақпын. Оны қазір ресейге тапсырыс бердік. Карантинге байланысты кешігіп жатыр.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *