Абай – адамзаттың ақыны

Мәдениет

Биыл қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл.  Осыған орай мемлекет басшысы 10 тамызды мемлекеттік мерекелер күнтізбесіне енгізіп, Қазақстанда алғаш рет Абай күні атап өтілді.

Тарихи датаға орай елімізде екі күнге жоспарланған 100-ге жуық іс-шара жоспарланған.

Мәдениет және Спорт министрлігінің ақпаратына сүйенсек, ұлы ойшылдың  тұлғасы мен мұрасын ұлықтау салтанаты 10 тамызда Семейдегі «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорығында басталды. Бұдан соң, өңірлерде танымал мәдениет және өнер қайраткерлері ақынның шығармаларын оқыды. «Абай және XXI ғасыр: болашақпен сұхбат» атты халықаралық конференция өтіп, Абай қорық музейі мен «Абай-Шәкәрім» кесенесіне телеарналар арқылы онлайн экскурсия жасалды.

Абай – қазақтың ғана емес, адамзаттың ақыны

Сондықтан мереке аясында ұлы ойшылдың шығармалары әлемнің 8 тілінде оқылмақ. Осы мақсатта «Abai world challenge» атты видеомарафон ұйымдастырылады. Челленджге əлемнің түкпір-түкпірінен ғалым-зерттеушілер, аудармашы, жазушы, зиялы қауым өкілдері, Төтенше жəне Өкілетті Елшілері қатысу жоспарланған.

Абай күні тұсауы кесілген біреше жобаға тоқталсақ:

ҚР Ұлттық Банкі 2020 жылғы 10 тамызда номиналы 500 теңгелік күмістен, номиналы 100 теңгелік мельхиор қоспасынан және номиналы 100 теңгелік нейзильбер қоспасынан “ABAI. 175 JYL” коллекциялық монеталарын айналысқа шығарады.

***

Massaget жастар порталы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай, Мұхтар Әуезовтің “Абай жолы” роман-эпопеясының қысқаша мазмұнына doodle анимациялы видеосаммари дайындады. Видеожоба ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жарыққа шықты.

Видеосаммариде “Абай жолының” қысқаша мазмұны әр тарау бойынша дайындалған. Төрт томдық эпопея барлығы 28 тараудан тұрады. Бірінші томда 7 тарау, екінші томда 8, үшінші томда 6, төртінші томда 7 тарау бар. Әр видеосаммаридің ұзақтығы – 12-15 минут. Видеосаммари – кітаптың негізгі идеясын, мазмұнын видео түрінде ұсыну.

***

Абайдың ұлағаты әлі күнге дейін маңызын да, құндылығын да жоғалтқан жоқ. Абай ілімі бүгінгі бірқатар бағыттарға орайлас келеді:

Ең алдымен, білім игеру. Біз бүккіл әлемді ақыл-ой мен парасатты пайым арқылы ғана мойындата аламыз. Заман талабына сай білім алу интеллектуалды ұлт қалыптастыруға жол ашады.

Екінші, тәрбие мәселесі. Сондықтан, өскелең ұрпаққа дұрыс бағыт берген жөн. Ақынның “Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге” деген өсиетін әрдайым санаға сіңіру қажет.

Үшінші, жаңа кәсіп игеру. Ақын әр қазақ өз ісінің шебері болса деп армандады. Әсіресе бәсекелестікке толы алмағайып заманда мұның мәні зор. Абай: “Мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды” дейді. Байлықтың да, бақыттың да кілті – өзің сүйген кәсіпте.

Төртінші, ынтымақ мәселесі. Абай әрдайым қоғамның береке-бірлігін арттыруға ден қойды. Ол “Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің – бәрі бос” деп, елді татулыққа шақырды. Біз аса күрделі кезеңді бастан өткерудеміз. Осындай сәтте бір-бірімізге қол ұшын беріп, өзара мәміле мен ынты-мағымызды арттыра түсу аса маңызды.

Кемеңгердің де жан-жүрегімен тілегені жұртының амандығы мен ұлтының тұтастығы еді. Сондықтан бүгінгідей қиын шақта Абай мұрасына жүгіну өте өзекті  болып отыр.

Дайындаған Нұрбейбіт Нұғыманов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *