«Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана». Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ

Қоғам

Кітап  руханият қазығы болып қала береді

Мейлі ерте, мейлі кеш, айфон, айпадтар дәуірі ақпараттық деңгейде қалады. Болашақта  дәстүрлі кітап әлемінің қоғамдағы рөлі бәрібір күшейеді.

Руханиятын түгендейтін халық бәрібір кітапқа бас қояды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы тектен текке немесе уақытша жазылған дүние емес. Себебі, онда ұлт болашағы жатыр.

Рас, цифрлық технология дәуірінің күш алуына байланысты қазір біз жасы бар, кәрісі бар планшет пен айпадқа үңілген қоғамда отырмыз.

Бірақ, мобильді телефон арқылы алынып жатқан ақпараттың барлығы бірдей пайдалы емес. Рас, өтірігі ажыратылмаған ақпараттарды жұтып жатырмыз. Бұл нені білдіреді?

Ғаламтор терең білім көзі бола алмайды. Әрине, жаңалықтардың барлығын бірдей ғаламтордан алып отырғанымызды да мойындауымыз керек. Бірақ, жаңалық үлкен білімнің бастауы емес.  Сондықтан, рухани байлықтың көркем дүние, яғни кітап әлемі арқылы келетінін ерте ме, кеш пе мойындаймыз.

«Бірде Германияның Франкфрут қаласында кітаптың оқылымдылығы мәселесі талқыланған үлкен жиын өтті. Қазақ елі тарапынан қатысқан делегацияның ішінде мен де болдым. Сол шарада кітап маркетингі бойынша дисертация қорғаған ағылшындық ғалымның сөзі есіме түсіп отыр. Қараңыз, Англия қазір әлем бойынша кітапты ең көп оқитын көшбасшы ел. Бірақ, Қазақстанды ол тізімнен таба алмайсыз. Айтайын дегенім,  сол жиында британдық профессор Англияда цифрлық технологиядан гөрі, кітап индустриясына деген үлкен бетбұрыстың байқалып отырғанын хабарлады. Және де, ол айфон, айпадтар дәуірінің ақпараттық деңгейде ғана қалатынын, болашақта дәстүрлі кітап әлемінің қоғамдағы рөлі бәрібір күшейетінін атап өтті. Бұдан шығатын қорытынды біреу. Шынайы білім алғысы келген адам бәрібір кітапқа ауысады.

            Енді, тұрмыстық деңгейдегі нақты мысалдарға ойысайын. Есіңізде болса, тоқсаныншы жылдардың басында боевик кинолардың дәуірі өрлеп тұрды. «Брюс Ли», «Терминатор» фильмдері бастан-аяқ кинотеатрларда қойылып, видеожазбалары базар нарығын жаулап алған еді. Ал қазір ше? Бүгінгі киномандардың арасында боевик жанрындағы фильмдерді іздеп жүріп көретіндер  некен-саяқ. Сондықтан, айпадтар дәуірін де «өтпелі кезеңге» балауымыз керек. Бір ескерерлігі, кітапты бұрын қолына алып оқымаған адам оны қазір де оқымайды.  Бұдан шығатын қорытынды біреу. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын пайдаланып, біз кітаппен сусындаған жас ұрпақты қалыптастырып алуымыз керек» дейді белгілі жазушы Әлібек Асқаров.

Сонда қайтпек керек? Әсіресе, қазіргідей карантин режимінде рухани тұрғыда мықты болу аса қажет. Біздіңше, «Сен қандай кітап оқыдың?» Осындай тақырыпта жалпыұлттық челендж немесе акциялар ұйымдастырылуы керек. Және оның жүруіне жұлдыздар, өнер адамдарын тартсақ, жастар жағы бәрібір сол үлгіні қайталайды.

Және әр әке өз отбасында ұл-қызына үлгі болып, кітап оқып отырса қандай керемет? Сондай ақ,  кітап нарығына арнайы саясат қажет ақ. Қазақ әдебиетімен бірге, әлемдік классиканы да қабылдайтын деңгейге жетсек, ұлт болашағы ұран күйінде қалмас еді.  

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *