Абай әлемі немесе қуатты ұлт қайдан шығады?

Дін

«Ұлы дала Әл-Фараби мен Яссауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді».

Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласынан

Тарихы жоқ ел болмайды. Өткенсіз болашақ жоқ. Тіпті, қазір әлемді шарпып жатқан пандемия да өтеді. Ал, ұлт қалады.

Ол үшін ұлт мықты болуы керек. Мықтылық бізге рух шын мәнінде биік болған кезде келеді. Осындайда қазаққа үлгіні алыстан іздеудің керегі жоқ. Өйткені, біз дана халықтың ұрпағымыз. Тарихтың алыс қатпарларында қалып қойған сол даналық  мектебін қайта жаңғырту міндет. Түсінген адамға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласының терең мәні бар.

Осы ретте бізге дана Абай көмекке келеді. Абай барлық нәрсені иманмен байланыстырады.  Иманы толық адам – кемел мұсылман. Ал, кемел адамда білім де, білік те, адамгершілік қасиеттер де толық.

  «…мұндай иман сақтауға қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босанбас буын керек екен. Якини иманы бар деуге ғылымы жоқ, тақлиди иманы бар деуге беріктігі жоқ, я алдағанға, я азғырғанға, я бір пайдаланғанға қарап, ақты қара деп, я қараны ақ деп, я өтірікті шын деп ант ететұғын кісіні не дейміз? Құдай  Тағала өзі сақтасын. Әрнешік білмек керек, жоғарғы жазылмыш екі түрліден басқа иман жоқ.

Иманға қарсы келерлік орында ешбір пенде Құдай Тағала кеңшілігімен кешеді-дағы демесін, оның үшін Құдай Тағаланың ғафуна яки Пайғамбарымыздың шапағатына да сыймайды, мүмкін де емес. «Қылыш үстінде серт жоқ» деген, «Құдай Тағаланың кешпес күнәсі жоқ» деген жалған мақалды қуат көрген мұндай пенденің жүзі құрсын». Бұл Абайдың он үшінші қара сөзінен алынған жолдар.

    «Шын мәнінде, иманның мағынасын жете түсінбей, сөз жүзінде өздерін лық мойын сұнып, табандылық танытпай, не болмаса жаратылыс әлеміне ой жүгіртіп, ғылымға талпынып, ақиқатты іздеместен имандылық жолда жүрмін деу бос сөз. Ислам шариғатының өзімен еш қатысы жоқтай-ақ, адал-арамды, өтірік-шынды, ақ-қараны ажырата білместен, тіршілік қажеттілігін ғана мақсат ету – қателік» дейді дін маманы Қызырғазы Мәлікұлы.

Демек, иманның толықтығы адамның өзін-өзі дамытуынан, өзін-өзі жігерлендіруінен басталады. Ізденістің соңы жеңіс екені белгілі. Яғни, иман – жай ғана шариғи термин емес. Оның ауқымы жеке адамның мәдениеті, ой өрісінің, интеллектуалдық деңгейінің жоғарылығы дегенге саяды.  Өйткені, исламның әу бастан өркениет өзегі болғаны ықылым заманнан белгілі.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *