Ғазиза Бисенова: «Өз өмірімді ойнап жүргендеймін» Актриса Ғазиза Бисенова Махамбет атындағы Атырау облыстық драма театры сахнасында 20 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Қызылқоға ауданы, Миялы селосының тумасы өнер саласына қалай келгені, театрда өткерген қызықты күндерін және жеке өмірі жайында «Алтын көпір» журналына айтып берді.

Қоғам Мәдениет

Асанали Ашимов, Болат Абдилманов, Бикен Римова сынды талай қазақ театры мен кино жұлдыздарын түлеп ұшырған Т. Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясын тәмамдадыңыз. Қазақстан өз алдына енді тәуелсіздік алып еліміз үшін экономикалық тұрғыдан қиын кезеңде Қызылқоғаның қызы Алматыға қалай келді? Ол кезде жоғарғы оқу орнына екінің бірінің қолы жете бермейтін.

  • Актриса боламын деп мүлдеп армандаған жоқпын. Әкемнің аз-мұз домбыра тартатын өнері бар. Мен де кішкентайымнан ауыл мектебінің барлық шара, концерттерінде домбырамен ән салушы едім. 1995 жылы 11 сынып оқып жүргенімде мектебімізге ақын, драматург Берқайыр Аманшиннің атын беру үшін ауылға актер Тұңғышбай Жаманқұлов келді. Ауыл болып қонақтарға арнап концерт қойдық. Мен Тұңғышбай Жаманқұловтың өзі орындап жүрген «Барып қайт балам ауылға» атты әнін сахнадан айтып бердім. Орындауым әсерлі шықса керек, концерт біткен соң Тұңғышбай аға қасыма келіп: «Сен таланттысың. Ауылда қалып қойма. Мектеп бітірген соң міндетті түрде Алматыға кел. Сол жақтағы өнер институтына оқуға түс, мені тауып ал» – деп айтып кетті. Ата-анам да «Әнші боламын» – деген  шешіміме қарсы келмеді. Аттестатымды алған бойы мамам пойыздағы коммерсанттарға мені аманаттап Алматыға шығарып салды. Алматыда тұратын аға-жеңгемді ертіп өнер институтын тауып алдық. Әр жерде топтасқан қыздар мен жігіттер, біреуі ән айтып, екіншісі өлең оқып тұр, енді біреулері кітаптың ішіне кіріп кеткен, керемет әсер алдым. Мен де пысықтанып, керегімді сұрап, осылайша өзім мүлдем ойламаған актер мамандығына құжаттарымды тапсырдым. Крыловтың «Піл мен қанден» баснясын орындап, ән айтып, емтиханды сәтті аяқтадым. Ең соңында психологиялық емтихан кезінде Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген әртісі Есмұхан Обаев: «Сен Алматыда нағып жүрсің? Әкең болса ауылда ауырып жатыр. Ең болмаса соны ойлап ауылға қайтпайсың ба?»- демесі бар ма. Мен ол кісінің әкем туралы жаман сөздер айтқанына ашуланып: «Жағыңызға жылан жұмыртқаласын. Ешқандай оқуларыңыз керек емес»- деп есікті тарс етіп шығып кеттім. Артымнан сол кісінің ассистенттері жүгіріп келіп: «Сіз өттіңіз, сізді шақырып жатыр»- деп мені қайтарып алды. Сөйтсем психологиялық турда абитуриенттерді осылайша сынайды екен.Есмұхан Обаевтың  «Өте батыл қыз екенсің»- дегені әлі есімде. Алматыда ең керемет студенттік шақты бастан өткердім. 4 жыл бойы КСРО-ның халық әртісі Фарида Шарипова, драматург Асылбек Ихсанов сынды ұстаздардан білім алдым, ол кісілер менің өнеріме оң бағасын берді.

Неліктен карьераңызды Атыраудан бастадыңыз? Мүмкін Алматыда жүріп бүгінде елімізге әйгілі әртістердің бірі болар ма едіңіз?!

  • Атырау театрына жолдамамен жіберді. Ата-анам да шет жақта қалғанымды қаламады, елге қайтқанымды тәуір көрді. Оған өкінбеймін де. Актерлердің пірі Нұрмұхан Жантөрин, кино саласының қайталанбас тұлғасы Жамбыл Құдайбергеновтің туған жері Атырауда,  Чапай Зұлқаш, Асылбек Ихсанов, Толеген Куанышев, Аскар Тоқпанов, Азербайжан Мамбетов, Маман Байсеркенов, Мұхтар Бақтыгереевтер ұшқан театр сахнасында өнер көрсету – мен үшін үлкен бақыт. Сол кісілерден тәлім-тәрбие алдым. Атырау театры еліміздегі театрлардың ішінде ойып тұрып орын алатын өзіндік ерекшелігі бар өнер ордасы. Биыл сахнада жүргеніме 20 жыл болыпты. Атақты болуға, қандай да бір марапат алуға ешқашан ұмтылған емеспін. Рөлдерім көрерменге ұнаса, содан асқан марапаттың қажеті жоқ.

Бір қойылымды жарыққа шығаруға қанша уақыт кетеді?

  • Сахнаның сыртында не болып жатқанын көрермен білмейді. Олар тек дайын өнім мен актерлерді ғана көреді. Біздің артымызда режиссер, көркемдік жетекші, хореограф-тардың үлкен еңбегі жатыр. Одан бөлек цехтар жұмыс істейді. Онда әрлеуші, тігінші, декораторлар, жарық беруші, дыбыс беруші секілді мамандар қызмет атқарады. Әрбіреуінің өзіндік жұмысы бар. Оларсыз ешқандай қойылым жарыққа шықпайды. 1 спектакльді дайындауға 1 айдай уақыт кетеді. Актерлер бекітілгеннен кейін кейіпкерлерімізді жан-жақты зерттеуге кірісеміз. Бар болмысын ашуға тырысамыз. Қойылым соңында көрерменнің орнынан тұрып бірнеше секундтық шапалағы үшін барымызды саламыз.  Актерлердің шыныйылығының арқасында қойылымдар көрерменнің көңілінен шығып, жүрегіне жетіп жатады. Театрға бір келген адам қайтадан келгісі келіп тұрады. Актер үшін бұдан асқан бақыт жоқ. Тіпті 3 күн уақытта дайындап қойылған премьералар болды.

Көптеген премьераларда басты рөлдерді сомдайсыз. Ең сәтті шыққан рөлдеріңіз қандай? Қайсысы табиғатыңызға жақын?

  • 20-ның үстінде рөл сомдадым. Ішінен ең сүйіктісін таңдап алу қиын. Тағыдыры қиын жалғызбасты әйелдерді көп ойнадым. Жазушы Мәлік Отарбаевтың «Баянды бақ» пьесасындағы басты рөлдегі Жасмин жаныма жақын кейіпкерлердің бірі. 1944 жылғы жер аудару кезінде айы-күні жеткен Жасмин күйеуі мініп кеткен пойызға міне алмай айдалада қалады. Торсықтай баланы дүниеге әкеліп жалғыз өзі ұлын адам қатарына қосады. Ауылда мүгедек баламен қалған ана мен қалаға көшіп кеткен балаларының арасындағы қарама-қайшылықтарды бейнелейтін «Бір түп алма ағашы» қойлымында да ананың үлкен қызы Әлияның рөлін ойнадым. Кезінде қоғамның жауы саналып, жала жабылған Мағжан Жұмабаевтың жары Злиханы «Әйел тағдыры» атты драмада сомдадым. Ақынның жарының қиын тағдырын жан-дүниеммен сезіндім. Әрбір драма сахналанғаннан кейін біз, актерлер 2-3 сағат сол рөлден шыға алмай жүреміз. Кейіпкерлердің тағдырларын өз басымыздан өткендей күй кешеміз. Сондықтан да шығар, актерлердің көбі қарттықтан емес жүрек ауруынан өмірден озып жатады.

Сіз үшін сахнада ең қиыны жылау ма әлде көрерменді күлдірту ме?

  • Адамның көзінен жас шыққанша күлдіруден гөрі жылату оңай. Комедия – театрдағы ең қиын жанр. Бүкіл халықты өзіңе қаратып, әрбір мимикаңа, айтқан сөзіңе, қылығыңа күлдірту асқан шеберлікті талап етеді. Осетин драматургы Георгий Хугаевтың «Андро мен Сандро» пьесасындағы тілі ащы Андроның әйелі Маргоның рөлін сомдадым. Мен үшін ең қиын рөлдердің бірі болды. Сахнаға алғаш қойғанда қатты уайымдадым. Тахауи Ахтановтың «Күшік күйеу» комедиясындағы Биғайша оң жамюасыма тиген рөлдердің бірі болса да,  алып шығу оңай болмады. Рөлімді, сөздерімнің барлығын жаттап алсам да, әркез сахнаға шықпас бұрын қатты уайымдаймын. Режиссерлер де «Барлығын біліп тұрып, неге уайымдайсың?»- деп жиі айтады. Қате жіберген жерлерімді өзгелер байқамаса да өзім іштей біліп тұрамын. Келесіде оны болдырмас үшін еңбектенемін.

Актерлердің уақытпен санаспайтыны, көп уақыты осы театрда өтетіні белгілі. Мансапқа қызықпайтыныңзды да аңғардым. Өнер деп жүріп жеке басыңыздың жағдайларын жасап үлгердіңіз бе? Демалысыңызды қалай өткізесіз?

  • Кезінде Иманғали Тасмағамбетовтың бастамасымен театр қызметкерлеріне арналып осы театрдың жанынан үй салынды. Соннан  3 бөлмелі пәтер бірнеше актерлерге қызметтік үй ретінде берілдіді. Сол пәтерде 20 жылдан бері тұрып жатырмын. Былтыр өз атыма аударуға рұқсат етілді. Расымен, театр – менің екінші үйім, осында қонып жұмыс жасайтын кездер де болады. Үш балам да осы сахнаның артында өсті. Қойылым кезінде костюмер, реквизит цехтарындағы апайлар, гримерлер, тігінші апалар балаларымды жұбатып тұратын. Сол кісілерге алғысым шексіз. Қазір үлкен ұлым – студент, ортаншы қызым биыл 1 сыныпқа барады, кенже ұлым – 5 жаста. Демалысымда ас үйде дәмді тамақ пісіргенді ұнатамын. Карантин кезінде нанға дейін қолдан пісірдім. Менің ас үйімнен дәм татқанның бәрі тамағымды мақтап кетеді. Бос уақытымда кітап оқимын. «Ұстаздардың ұстазы – кітап»- деп тәлімгерім Асылбек Ихсанов жиі айтатын. Шерхан Мұртаза, Оралхан Бөкейхан, Амангелді Кеңшілікұлының шығармаларына ғашықпын. Қазір Амангелді Кеңшілікұлының «Жүрек сөзі» кітабын оқып жатырмын.

Сұхбатыңызға рахмет! Әсерлі әңгіме болды!

Әңгімелескен Ләззат Салимова

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *