Домбыраның құлағында ойнайтын өзге ұлттар

Мәдениет

Елімізде 2018 жылдан бастап шілденің алғашқы жексенбісі ұлттық домбыра күні болып аталып келеді. Домбыра – қазақтың жаны, рухы, тарихы, салт-дәстүрі, бүкіл бітім-болмысы деп айтуға болады. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деп келетін Қадыр Мырза-Әлінің өлең шумағы қазақ болсаң домбыра тарта білуің міндет дегенге саятындай. Алайда қазіргі кезде тек қазақ емес, қазақтың ұлттық аспабына өзге ұлттардың да қызығушылығы жоғары екені қуантады.

Атырауда домбыра үйренуші өзге ұлттардың дені мектеп жасындағы жасөспірімдер екенін байқадым.

Солардың бірі Дина Нұрпейісова атындағы өнер академиясы жанындағы музыка үйірмесінің оқушысы, кәріс ұлтының өкілі Ли ИВАН, 10 жаста. Оның домбыраға қызығушылығы 7 жасында басталған.

-Ұлым кішкентай кезінде дүкенде жүріп, сөреде тұрған домбыраға қызығып, алып беруімізді өтінді. Қызыққан соң сатып әпердік. Отбасымызда домбырада ойнайтын ешкім жоқ. Иван өзімен өзі шертіп жүріп, әр түрлі әуендер шығып жүрді. Сөйтіп 7 жасында домбыра курсына емтихан тапсырдық. Дина Нұрпейісова атындағы өнер академисынының жанындағы домбыра үйімесіне қабылданды. Қазір ынтасы жақсы, күніне бір музыка үйрендім деп қуантып келеді. Өзім қазақ, күйеуім кәріс, анам грузин, енем болгар ұлтынан. Ұлымыздың бойында анасының қаны босым болып,  домбыраға қызығшылығы артқан ғой, – дейді, баланың қабілетін жастайынан байқаған анасы.

Ли ИВАН бүгінде композитор Н.Носовтың «Кузнечик» әнін, Айтқали Жайымовтың «би» күйін, қазақ халқының «тепең көк», «көк дөнен» күйлері мен орыс халқының әндерін еркін орындап жүр.  

Аптасына 2-3 рет үйірмеге барып тұрамын. Ата-әжем кәсіби домбыр алып беруге уәде етті. Енді олардың сенімін ақтауға тырысамын, дейді Ли ИВАН.

Венгр ұлтының өкілі Русланды да осы колледжден жолықтырдым. Ол 7 жаста.

Руслан домбыра курсына биыл алғаш рет қатысуда. Оның анасы орыс. Ұлым кішкентай кезінен музыкаға құштар болып келеді. Тіпті сәби күнінде жылағанда да әуен жүрсе тыныштала тыңдайтын. Өсе келе ойлау қабілетін, жан-жақтылығын  арттыру үшін қандай курсқа барасың дегенімізде өзі домбыраға қатысамын деді. Қазір үйірмеге барып жүргеніне бір жыл болды. Орыстың, қазақ ұлтының бірнеше компаозицияларын орындайды. Болашағынан үмітіміз зор, дейді анасы Ксения.

Айтпақшы, Руслан биыл домбыра күніне орай Қазақстан Ассамблеясы Атырау филиалы ұйымдастырған домбырашылар онлайн конкурсында лауреат атанды.

Ирина Олексенита, Құрманғазы ауданы Ақкөл ауылында 7 сыныпта оқиды.

Анасы қазақ, әжесі орыс, әкесі литовеч.

Отбасымызда домбыра шертетін адам жоқ. Менің өнерге қызығушылығым нағашыларымның үйіне барғанда, төрде ілініп тұратын домбыраны көріп басталған. Екінші сынып оқып жүргенімде ауылдағы өнер мектебіне домбыра мамандығы бойынша жазылдым. Биыл бесінші жылым. Құрманғазының, Үкілі Ыбырайдың бірнеше күйлерін үйрендім, дейді ол.

Ирина мектепшілік шараларда да домбырамен өнер көрсетіп жүр. Бір жыл бұрын Ақтөбе қаласында өткен жас домбырашылар байқауына жолдама алып, тәжірибе алмасып қайтқан.

Олегжан АТАНАСЕВ, ұлты орыс. 53 жаста.

Олегжан 15 жасынан бастап жанына домбыраны серік етіп келеді. Қызметі кәсіпкерлік саласы болғанымен бүгінге дейін бірнеше республикалық, облыстық ән байқауларына қатысып,  лауреат атанған.

Нәсіпқали Төлегенов деген мықты домбырашыдан дәріс алдым. Ол да мені өзінің шәкірттеріне үлгі етіп, «Міне орыс үйреніп алды, сендер әлі жүрсіңдер» деп мақтан ететін. Домбырамен ән айтуға қызығушылығым жоғары болды, дейді Олег.

Олегжан 1991-1992 жылдары Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармонияда ансамбль құрамында өнер көрсеткен. Бүгінде 180 ге жуық қазақ әндерін домбырамен орындайды. Атыраулық ақындардың өлеңіне ән жазып, көптеген әндердің композиторы атанған. 

Артымда домбыраға қызушылық танытып жүрген 12 жасар ұлым бар. Қазір домбыраның қыр-сырын, қазақ әндерінің шығу тарихын ұлыма үйретіп жатырмын, дейді Олег.

Нұрбейбіт Нұғыманов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *