Атыраудан табылған «Алтын әйел» жауынгер деп танылды

Без рубрики

Жақында Атырау облысы тарихи-өлкетану музейі сармат дәуіріндегі «Алтын әйел» бейнесін реставрациялау эскизін ұсынды.

Алтын киімді әйел Қызылқоға ауданындағы Миялы қорғандарынан табылған. Атырау облыстық тарихи өлкетану музейінің басшысы Рашида Харипованың айтуынша, тарих ғылымдарының кандидаты Марат ҚАСЕНОВ ғылыми жетекшілік еткен музей археологтары 2017 жылы Миялы қорғандарын қазу кезінде алтын бұйымдарының бөлшектерін тапқан.

Қорғаннан алтын жапсырмалармен қатар керамикалық ыдыстар, ерекше үлгіде жасалған қола қазан, қабанның азу тісі, ат әбзелдері, қола мен металдан жасалған жебе ұштары, қайың ағашының жаңқаларынан жасалған қорамса табылды. Сондай-ақ, алтын сырғаның бөлігі мен жемчук тастарының, сақталған сүйек бөліктерінің негізінде оны әйел адам деуге негіз болды, – дейді музей басшысы.

Қазіргі уақытта барлық көне жәдігерлер Алматыдағы ұлттық сараптама және сертификаттау орталығына жіберілген. Мұнда алғашында сары түсті метал ретінде музей қорына қабылданған бұйымдар, сараптама нәтижесіне сәйкес, әшекейлердің алтыннан жасалғандығы, және металл құрамының  91 пайызы алтын екендігі дәлелденіп отыр.

Суретші-реставратор Қырым Алтынбеков жетекшілігімен «Остров Крым» ғылыми-реставрациялау зертханасында «алтын әйел» бейнесін реставрациялау эскизі жасалып, музейдің ғылыми кеңесіне екі үлгісі ұсынылған. Қорытындысында қорымнан табылған жәдігерлерге сәйкес жауынгер әйел бейнесін жасауға шешім қабылданыпты.  

Қорғаннан әйел адамның толық сүйегі табылмады, Себебі, қазба жұмыстарына дейін қорғандар үстінен қазылып, тоналғаны белгілі болды, – дейді Рашида Харипова.

Қазір елдегі ахуалға байланысты қазба жұмыстары тоқтап тұр. Карантин аяқталғаннан кейін археологтар қорғандарды қазуды қайта жалғастырып, «Алтын әйелдің» бейнесін қалыпқа келтіруге дайын.  Ғалымдар сол кезде жұмбақ әйелдің толық бейнесін жасауға септігі тиетін қосымша жәдігерлер табылатынына үмітті. Зерттеу жан-жақты болу үшін қазба жұмыстарына Астрахан облысынан да археологтар шақыру жоспарланған.

Айта кетейік, Атырау жерінен табылған алтын әйелдің бейнесі оның жауынгер болғанымен ерекшеленіп тұр. Бұған дейін 2014 жылы Батыс Қазақстан облысы аумағынан табылған сармат дәуірінің алтын әйеліне «Алтын ханшайым» деп ат берілсе, 2013 жылы Үржардан табылған сақ дәуіріне жататын «Үржар ханшайымына» дәрігер болуы мүмкін деген болжам жасалды. Өйткені ол жерде археологтар сүйек жанынан емдікке пайдаланатын қырыққұлақ шөбі мен дәрі дәрмекке ұқсас заттар тапқан.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *