21-маусым – медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі

Денсаулық

Құрметті әріптестер, медицина саласының қызметкерлері!

Баршаңызды 21-маусым – медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен құттықтауға рұқсат етіңіздер! Барлықтарыңызға шын жүректен мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, қызметтеріңізге толағай табыстар тілеймін!

Сіздер осындай қиын-қыстау кезеңде қоғам үшін табандылық пен биік рухтың үлгісі бола білдіңіздер. Расында, бүгінгі күні дәрігерлерге артылған міндет еселене түсті. Қауіпті індетпен күресу кезінде дәрігерлер, жедел жәрдем қызметкерлері мен емханалар алдыңғы шепте тынбай еңбек етіп, қиын сәтте тұрғындарға медициналық мекемелерде, тіпті үйлерге де барып қызмет атқаруда.

Медицина қызметкерлеріне қазір оңай еместігі бәріне аян. Өйткені, физикалық әлсіздіктен бөлек, адам эмоционалды түрде де шаршайды. Десекте, дәрігерлеріміз осындай қиындықтарға қарамастан, моральдық және физикалық әлсіздіке төтеп беруде.

Көп сағаттық ауысымдар, медициналық маскалардың әсерінен болған көгерулер мен жақындарынан жырақта болу – дәрігерлердің пандемия кезіндегі күнделікті көрінісіне айналды.

Бұл жағдай медицина қызметкерлеріне ғана емес, коронавирусты тарату қаупін азайту үшін оқшаулануға тура келген отбасы мүшелеріне де қиын.

Осы орайда, біздің қымбатты емделушілерге санэпидрежимнің барлық ережелері мен әлеуметтік қашықтықты сақтау қажет екендігін тағы да еске салып өтейін. Сөз соңында әріптестерімізге қауіпті ахуал кезінде жұмыс істеп жатқан еңбегі, шыдамдылығы мен төзімділігі үшін алғыс білдіремін. Өздеріңізді сақтаңыздар! Індетті бірге жеңеміз!

Құрметпен,
Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы
Нұрлыбек Рысқалиұлы Қабдықапаров

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *