Жаңаталаптағы мектептің құрлысы неліктен тоқтатылды?

Қоғам

Еліміз егемендік алып экономикамыз қалыптасқан жылдарда халық саны едәуір артты. Азаматтардың әлеуметтік хал-ахуалының жақсаруымен бірге облыста жеке тұрғын үй құрлысын жүргізуге өтініш білдірушілердің қатары көбейді. Қазақстандықтарды қолжетімді баспанамен қамту бағдарламасына сәйкес аймақта жеке тұрғын үй құрылысын жүргізуге бөлінген жер учаскелерінің бірі Атырау қаласының іргесіндегі Жаңаталап селолық округі. Соңғы жылдары аталған ауылға қоныстанған отбасылар көбейіп келеді. Беріліп жатқан жер учаскілері мен демографиялық өсімді негізге ала отырып, мұнда 2019 жылдың маусымында 300 орындық мектеп-интернатының құрлысы басталған. Жоспар бойынша салынып жатқан нысан биыл, яғни, 2020 жылдың шілде айында аяқталуы тиіс болатын. Алайда жыл басынан бері аталған нысанның құрлысы мардымсыз. Мұны байқаған жергілікті ауыл тұрғындары «Алтын көпір» журналының редакциясына хабарласты.

Біздегі деректер бойынша Дамба елді мекеніне қарасты бірнеше ауылдық округтерде жеке тұрғын үй құрлысы қарқынды жүріп жатыр. Сәйкесінше, әлі де көбейетін отбасылар үшін балабақша мен мектептің жетіспеушілігі өзекті мәселеге айналатыны анық. Жергілікті билік бұл жағдайды шешу үшін өткен жылы Жаңаталап ауылында қос бірдей нысанның құрлысын бастаған. Ауылға қарасты елді-мекендердің балаларына салынып жатқан 300 орындық білім беру мекемесі мен жатақхананың құрлысы уақытша тоқтатылғаны белгілі болды. Бұл мәселе бойынша толық ақпарат алу үшін біз Атырау облыстық құрылыс басқармасына редакция тарапынан сауалдар жолдадық.

Басқарма басшысының уақытша міндетін атқарушы Нұржан Мырзаболатов аталған мәселе бойынша былай деді:
«Жаңаталап елді мекеніндегі 300 орындық мектеп-интернатының құрылысын уақытша тоқтату туралы шешім 2020 жылдың 15 қаңтарында облыстық құрылыс басқармасымен қабылданды. Құрылысты тоқтатудың негізгі себебі – мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Үкімет отырысында бюджет шығыстарын қайта қарау және бірқатар бағыттарды қысқарту жөніндегі тапсырмасы».

Белгілі болғандай, бүгінгі таңда аталған нысандағы құрылыстың жұмысы 5 пайызға орындалған. Құрылыс алаңында темір бетонды іргетасы қаланған және құрылыс жұмыстары қайта жанданған уақытта аталған бетон конструкциясы қолдануға жарамды, – деді басқарма басшысының уақытша міндетін атқарушы Нұржан Мырзаболатов. Оның айтуынша, экономиканы оңтайландыру тапсырмасына сәйкес аймақта құрлысы тоқтатылған тағы бірнеше нысандар бар. Қазіргі уақытта облыс әкімдігі стратегиялық маңыздылығы жоғары және құрлысы аяқталуға жақындаған нысандаға басымдық беріп отыр. Сондықтан Жаңаталаптағы мектеп-интернатының құрлысы елдегі орын алған ахуал тұрақталғаннан кейін қайта жалғастырылады», деді басқармасының өкілдері.

Ануар Джаманкулов,
«Алтын көпір» тілшісі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *