Дұға мұсылманның қаруы

Дін

Қандай да бір елді, ұлтты, халықты алсақта сонау заманнан қалыптасып келе жатқан салт-дәстүрлері мен рухани құндылықтары болады. Ал сол рухани құндылықтар белгілі бір негізден бастау алатыны анық. Ол әрине Хақ Тағаланың пенделеріне жіберген діні. Сонау ықылым заманнан бері қазақ халқының өзіне тән салт-дәстүрлерінің шығуы мен қалыптасуы ата дініміз Исламмен ұштасып жатады. Ата-бабамыздан мұра болып қалыптасқан бата беру, дұға оқу сияқты діни-жоралғыларымыз бар. Бұл сөздер әр түрлі болып жазылса да, негізгі түпкі мақсаты мен мағынасы пенденің Жаратушысының алдында дәрменсіз екенін мойындап, шын ықыласымен оған ниет бұруының бір көрінісі іспетті.
Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала: «Маған жалбарыңдар! Тілектеріңді қабылдаймын. Расында маған құлшылық қылудан паңсынғандар, олар қор болып, тозаққа кіреді» дейді, Ғафир сүресінің 60 аятында. Қазағымның «Адамнан сұрағанның екі көзі шығады, Алладан сұрағанның екі бүйірі шығады» деп бекер айтпаған. Шындығында адамзат баласының әрдайым алақан жайып, шын ықыласымен Алла Тағаладан сұраудың қаншалықты маңызды екенің сонау ерте заманнан білген халқымызға бұл әрине таңсық нәрсе емес.
Жалпы дұға сөзінің тілдік мағынасына келетін болсақ, ұғымдық және тілдік мағынасы- сұрау, яғни Алладан жәрдем сұрап, тілек тілеу деген мағынаны білдіреді. Дұға-тілек жасау барысында адам баласы өзінің Алла алдындағы әлсіздігін сезініп, тәкаппарлыққа бой алдырмайды. Әдетте қол жайып оқылатын дұғада: бізге белгілі нәрсені бер немесе осы дүниелерді нәсіп ет дегендей тілектер айтыланы бар. Дұға жасаудың өзінің бір әдептерін сақтағанымыз абзал. Олар қандай әдеттер? Барынша Аллаға мойынсұнып, шын ниетпен, ықыласпен сұрау қажет. Дұғаның басында Алла Тағалаға мадақтар айтып, көркем есім сипаттарымен, Пайғамбарымыз (с.а.у) салауат айтып және солай аяқтаған жөн. Дұғаны мынандай ерекше уақыттарда жасауға тырысу керек. Олар жылдың ішінде арафа күні,айлардың ішінде Рамазан айы, апта ішінде жұма күні, түннің үштен бір бөлігінде оқыған дұрыс. Хадисте келтірілгендей пайғамбарымыз (с.а.у) былай деген: «Аспан есіктері ашылып мына төрт жағдай жасалғанда дұға қабыл болады: Алла жолында саптар бір-біріне жолыққанда, намазға қамат түсіріліп жатқанда, Қағбаны көргенде, жаңбыр жауғанда». Қайсыбір мұсылман өзінің өзге мұсылман бауыры үшін дұға жасағаны абзал. Өйткені Алла Тағала шын мәнінде бар ықыласымен жасаған дұғаны қабыл алушы. Дана халқымыз «Құдайсыз қурай да сынбайды» дейді. Бұл сөздің астарында әрбір нәрсе ұлы Жаратушымыздың қалауымен болатындығы анық айтылып тұр. Құдайдан тек қиналған уақыттарда ғана жәрдем тілеп, басқа уақыттарда түк болмағандай естен шығарып қою мұсылмандыққа жат нәрсе. Сол себепті әрбір мұсылманның қаруы дұға болып табылатын естен шығармайық. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінің екі дүниенің сардары болған Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у) хадисінен тәмәмдайық: «Дұға- мұсылманның қаруы, діннің тірегі және аспан мен жердің нұры».

Марал Ақшабай,
«Алтын көпір» тілшісі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *