«Алтын көпір» журналы

Мәдениет

Армысыз, қадірлі оқырман!

Ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап жарық көре бастаған облыстағы ақпараттық-танымдық «Алтын көпір» журналының төртінші санын ұсынуға рұқсат етіңіздер.

Әлемді шарлаған коронавирустық инфекция елімізді айналып өтпеді. Қазақстан дамушы елдермен бірге бұл қиындықтарды да еңсеріп келеді. Індет салдары барлық салаға әсер етті. Бірнеше айға созылған карантиндік шектеулердің нәтижесінде, біз, қоғам мүшелері, жаңа талаптарға сәйкес өмір сүруді үйрендік. Демек, бұл, Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тағы бір қиындықты ұлт болып бірге еңсергеніміздің анық дәйегі. Береке мен бірліктің, ынтымақ пен келісімнің арқасында көп ұлтты еліміз жарқын болашаққа сенімді қадам жасап келеді.

«Алтын көпір» журналының кезекті санында редакция ұжымы талғамы мен талабы жоғары оқырман үшін әртүрлі тақырыпта қалам тербетті. Мен, алғы сөзді елдегі орын алған ахуалмен себепсіз байланыстырған жоқпын. Өйткені елге енген COVID-19 дертімен бетпе-бет күресіп, күні-түні тынымсыз еңбек етіп жатқандардың алғы шебінде – ақ халатты абзал жандар тұр. Сол себепті маусым айында жарық көріп отырған төртінші журналымыз, 21-маусымда бүкіл әлеммен бірге Халықаралық медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесін атап өтетін біздің аяулы ақ халатты абзал жандарымызға арналады. Журналда аймаққа белгілі, өз саласының білікті маманы, дәрігер-отоларинголог Александр Тянмен өткен сұхбатты оқи аласыздар. Бұл нөмірде мектеп бітіруші түлектер үшін әлемнің озық университеттерінде тегін білім грантын иелену тақырыбында бірқатар кеңестерді қарастырдық. Сондай-ақ, жат ағымнан жапа шеккендердің бүкпесіз сыры мен «Шапағат» қоғамдық қорының атқарып жатқан жұмысы жан-жақты сипатталады.

«Алтын көпір» журналы қоғамдағы өзекті мәселелерді негізге ала отырып бірқатар проблемаларды да қамтуға тырысты. Солардың бірі Жаңаталап ауылында құрлысы тұралап қалған мектеп-интернатының қазіргі жай-күйі. Жеті қазынаның бірі саналатын иттердің адам қолынан аяусыз қорлануы, жасөспірімдердің ерте есеюі мәселелері мен «Атырау менің тағдырымда» атты тұрақты айдарды назарларыңызға ұсынғымыз келеді.

Журнал сіздің көңіліңізден шықса, біздің жұмыстың зая кетпегені деп білеміз. Билік пен қоғамның «Алтын көпіріне» айналған басылымды таңдағаныңызға рақмет айтамын!

Құрметпен, Жаннат Жұмағалиева,
«Алтын көпір» журналының Бас едакторы,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *