ҚҰДАЙДЫҢ БӘРІ – ЖАЛҒЫЗ (Миша атам туралы естелік әңгіме)

Қоғам

Мен ең алғаш қазақ тілінде емес, орысша сөйлей бастадым. Есімім Толик емес Тәуірбек, тегім Костров емес Бозекенов екенін 1 сыныпқа барған кезде білдім. Бала кезімде бәрі Анатоли Михайлович Костров деп атайтын. Ес білгенге дейін орыс шалдың баласы болдым. Бүгінде ауданымызда тұратын орыстар мені әлі де «О, сын Кострова…» деп еркелетеді. Үйлеріне бара қалсам сербантына жиған бар тәттісін алдыма қойып, шәй береді. Енді орыстардың «ормандай» дастарханын білесіз ғой, шіркін?! Біріншіге,  борщ, екіншіге, қуырылған балық пен кортоп, үшіншіге, куличи мен шәй, төртіншіге, жүзім мен алма. Еххх…

Иә, бұл орыс халқын мен жақсы құрметтеймін. Ал әке-шешем қатты сыйлайды. Оған бір-ақ себеп қана бар. Бір емес тіпті бірнеше…
Бәрін басынан бастайын!


1 бөлім


          1993 жылдың жаз айы. Жекешелендірудің желдей есіп тұрған шағы. Қиын-қыстау кезең. Әкем мен шешемнің енді ғана шаңырақ көтеріп, етек-жеңін жинап, жас отбасы атанып жатқан шағы. Менің жасым бірден енді ғана асып жар (дуал) жағалап жүрмін. Атам, әжем, әкемнің үш інісі, қарындасы, қос әпкесі, үлкен әпкесінің ұлы мен қызы, бәріміз Бозекенов (бұрынғы ул.Алма-Ата)  көшесіндегі нөмірі «63» үйде тұратынбыз. Әкем мен шешемнің айтуынша «үйге келді-кетті адамдар бар, ағайын-туыс, құда-жекжат барлығын қосқанда ескі құжыраның ішінде “40 қалмақ” жүретін» дейді. Әкем болса үйдің тұңғыш атұстары. Қара шаңырақтан жеке шығып үйлі болуды аңсап жүр.

Сол уақытта ата-анамның қалтасында көк тиындары жоқ, бірақ ауданды аралап сатылатын үй іздеп жүретін көрінеді. Таппайды. Әбден үміті үзілген олар үй туралы ойлауды да доғарады. Бір күні анам мені жетектеп алып көкөніс тұздап жабатын банкі іздеуге шығады. Ондай заттар орыстарда көп болады дегенді естеген шешем бірден аудан орталығына тартты. Б.Нысанбаев көшесінің шеткі жағында орналасқан көк қақпасы бар нөмірі 1 үйге келеді. Ол үйдің тұрғыны:

          – Бізде банка бар-ау. Өзімізге керек. Сен анау тұрған 5-ші үйге бар. Сол жерде жалғыз басты орыс шал тұрады. Баласы ертеректе қайтыс болған. Жақында кемпірінен айырылды. Банкі-манкі дейтін бәле батырдың барлығы сода,- деп жол сілтеп жібереді.

Анамның ойында ештеңе жоқ. Нөмірі бесінші үйге келеді. Жалғыз басты шалдың жай-күйі айтпаса да белгілі ғой. Үй ат қораға айналудың шақ алдында тұр. Ас үйдегі ыдыс-аяқтың шайылмағанына 2-3 айдан асқан. Теледидардың үстін шаң баспақ түгілі «жүндеп» кеткен. Орыс шалың тұрса отыра алмайтын, отырса тұра алмайтын күйде. Осының барлығын көзбен көрген анам байғұстың банкісі жайында қалып, жүрегі елжіреп кетеді. Аяушылық танытып қана қоймай бірден шаруаға кіріседі. Үйді айнадай қылып тазалап, кешкі тамағын әзірлеп, киім-кешектеріне дейін жуып береді. Сол уақытта ойыншықты аузына салып ойнап отырған мен орыс шалдың ермегіне айналыппын. Тіпті мені құшағына алып 10 жасында суға кетіп қайтыс болған баласын ойлап жылап та алған. Тәуірбек деген есімімді айтуға қиынсынған ол мені «Толик» деп атайды. Міне осы кезден бастап мен – Толик атандым. Танысқан кезде де «есімім Тәуірбек или просто Толик» дейтінімде сол.

Ертесіне анам барлық болған жайтты әкеме баяндайды. Әкем де ақ қөңіл.

– Қой, жалғыз басты шал ғой.?! Кішкене қамқорлық танытайық,-деп Михайл Иванович Костровтың үйіне үшеуміз жиі келіп тұратын болдық. Менің енді-енді былдырлап, тілім шығып жүрген кез. Алғашқы айтқан сөздерім «Мама-папа, очки-палка». Оны да Миша атам үйретті. Тілім қазақша емес, орысша шықты деп айту себебім де осы.

Бірнеше айлар өтті. Миша атам бізге, біз оған бауыр бастық. Әкемді ұлындай, шешемді қызындай, мені немересіндей жақсы көріп қалыпты байғұс шал.

Күндердің бір күні дастархан басында отырғанда Миша атам көзіне жас алып әкем мен шешеме:

– Айналайын, Жұматжан-Гүлнәр сіздерге көп-көп рақмет. Осыған дейін маған бәрталай адам қамқорлық көрсетіп жүрді. Бірде біреуін ұнамады. Үйдегі бағалы, құнды заттарымды жымқырып кететін. Пенсиямды толық әкелмейтін. Сондықтан, өзім оларды үйден қуып шығатынмын. Мен сендерді кездейсоқ жолықтырдым. Бірақ адалдықтарыңа тәнтімін. Кішкентай Толикпен де таныстым. Рас, ол баламды еске салды. Сәл де болса жұбанышым болды. Менің жасым да келді, қартайдық. Жұматжан саған сенемін! Егер мен о, дүниелік болып жатсам бұл үй саған қалады. Солай шештім. Қазір орталықтан кісілер келе жатыр. Мен қолхат жазамын. Кейін әңгіме болмас үшін, олар куәгер болады. Мен «анау жаққа» кеткен күні бұл үй автоматты түрде сенің меншігіңе өтеді. Егер керек десең пенсиямды Толикке аударып берейін. Ол 18-ге толғанша ақшамды алып жүреді,-деп мені құшақтап алыпты. Әкем бірден:

– Жоқ! Бізге ойлануға уақыт беріңіз,-деп дастархан басынан тұрып кетіпті.

Әкем мен шешем өсек-аяннан қорықты. Тіпті сол кездің өзінде «Жұмаберген мен Гүлнәр әлгі орыс шалдың асына у салып өлтіріп, үйін алып алмақшы. Қақпас шалдың балажандығын пайдаланып әлгі Тәуірбегінде ортаға салып жүр» деген секілді әңгімелер ағайын-туысқанның, көрші-көлемнің арасында желдей есіп жүргенді.

Күндердің күні Миша атам төсек тартып қалды. Хәл үстінде жатса да әкеме ұрысуын тоқтатпайтын көрінеді:

– Әй, сендерге анау күні айттым! Әкімәттан кісілерді шақыртып тез етіп қолхатты алып қалыңдар деп. Ертең мен өлем де қалам. Үй кімге қалады? Артымда қалған ешкімім жоқ… Ертең үкімет тартып алады ғой. Ничего не знаю менің санаулы ғана күнім қалды. Бүгін құжаттарды рәсімдейтін кісілер келмесе, ертең о дүниеге барғанда сендерді жүргізбеймі,-деп айқайға басыпты.

Дегеніне жетпей қоймайтын Михайл атамыз қолхатқа қолын қойып үйді, бүкіл затты аманаттап о дүниеге кетті, бейбақ. Әкем оның айтқан барлық өтінішін орындады. Християндардың жерлеу рәсіміне сай үйден ақтық сапарға шығарып салды. Керек десең, садақасында дастархан басына арақ та қойды.

Шешемнің айтуынша жерлеу рәсімінде қызық оқиға болыпты. Әкемнің жанында үш-төрт жігіт бар. Орыс атамның мүрдесін машинаға салып бейітті беттеп бара жатқан. Кішкентай баланың әдеті ғой әкесі не шешесі үйден шығып бара жатса «менде барам…» деп жылап қоя беретін. Сол әдетіме салып «Папа, папа менде барам» деп өкіріп машинаның артынан жүгіріппін. Жаназаға келген орыс кемпірлер оны «Ата, ата менде барам…» деп естіп қосылып жылапты. Тіпті кейбірі «Байғұс шалдың артында ешкімі қалмады ма десем, немересі бар екен ғой…» деп жұбату айтқандары да болған.


Арада бірнеше жыл өтті…

2 бөлім

– Ертең «Родительский день!» Күрек пен тырнауышты жақсылап саптау керек. Қорада сұр краска қалды мекен, осы? Ә, айтпақшы Михайл Ивановичтің туған-туысы бар екен ғой. Оның да бейітін тазалап, құлпы тасын сырлау керек,- деп әкем қора жақта күбірлеп жүр. Мен «көктем шықса болды, сол бір крест қаптаған төмпешіктерді аралап, орыс шалдың отбасы жатқан моланы тазалаймыз да жүреміз» деп іштей ашуға булығып тұрмын. Бірақ әкеме «ләм-мим» дей алмаймын. Үн қатпай қасында жүре бердім. Сөйтіп кеш батты. Дәл сол күні ертең таң ата тұру керек деп жатып қалдық. Таң рауаны біліне бастағанда саймандарды арқалап үйден шықтық. Дендерде орыстарды жерлейтін бір-ақ бейіт бар. Мұсылмандардың ескі зираты да қатар орналасқан. Жергілікті тұрғындар оны «қазақ моласы» және «орыс моласы» деп атап кеткен. Екеуінің арасын бір-ақ машина жүріп өтетін жол бөліп тұр. Сол жолмен тура жүріп барып солға қарай бұрылдық. Қаптаған кресті, обаның басына қадап қойған қайқы қылыштардай елестеттім. Жан жағыма қарасам қаптап жүрген орыстар. Әкемді білетіндер:

          – О, Джумат здорова?! Ну че дедушку пришел навести?,-деп жылы шырай танытып хал сұрасып жатса, енді бірі бұл қазақтар не істеп жүр дегендей көз алартып қарады. Миша атамның отбасы жерленген кішігірім қоршаудың есігін ашып жатып әкем «Біссімбілә…» деді.

          – Папа орыстардың моласында «Біссімбілә» деп айтуға бола ма?,- деп зәре-құтым қалмады.

          – Иә, болады әрине,- деп жай ғана жымиды. Қоршаудың ішінде Миша атаммен бірге әйелі, баласы, және көршісі жерленген. Әкем Миша атамның есімі жазылған тақтайшаға біраз қарап тұрды. Сосын бірден зираттың ішіне қаптап өсіп кеткен шөпті жұлуға кірістік. Кейін марқұмдардың басына орнатылған шағын ескерткіш тақтайшалырды сырлап, құран оқамасақ та бет сипап іштей дұға етіп Мария Ивановнаның бейітіне бардық. Мария апай Михайлдің жалғыз туған қарындасы. Ол да ағасы қайтыс болғаннан кейін көп уақыт өтпей о дүниеге аттанды. Әкем ол кісінің де жерлеу рәсімінде, қаделерінің бас қасында жүрді. Адалдықтан мақұрым жұрт «Орыстарды жерлейтін агенттік ашып алмайсың ба?» деп әкемді мұқатқандар да табылды. Мария Ивановнаның жанында жары жерленген. Құлпытасқа қарасам ертеректе қайтыс болған. Қос зиратты ретке келтіріп:

– Бісімбілә… Жатқан жері жайлы, жаны жәннәт болсын, – деп бет сипап үйге қайттық.

Менің көкейімде көп сұрақ тұрды. Мүмкін балалықпен, әлде шалалықпен қойсам болуы керек.

– Әке біз мұсылманбыз ба жоқ па? Орыстардың моласына, Миша атаның басына жылда барамыз. Ұят емес пе?-дей бергенше болмадым, көздерінен ашуланып тұрғанын байқап қалдым. Бірақ сабырмен ғана:

– Балам мейірімділік, адалдық, қамқорлық дін таңдамайды. Құдайдың бәрі жалғыз. Ол – АЛЛА. Соны ұқ! Егер Миша атаң болмаса біз қазір кең үйде, жылы төсекте жатпас едік. Адамның жақсылығын ұмытуға болмайды. Михайл Иванович өте жақсы адам еді. Менің ойымша ол кісіні бізге Құдайдың өз үйлі-күйлі болсын деп жіберді. Барлық нәрсе АЛЛАның қалауымен болады ғой. Біз бүгін бейіттің басына неге бардық? Не үшін жыл сайын осындай уақытта Миша атаң мен Мария Ивановнаның бейітін тазалаймыз? Бүгін қандай күн екенін білесің бе өзі?-деп сауал тастады.

– Жоқ!

-Есіңде болсын “Родительский день!”

-Ол қандай күн?

– Ол християн дінінде о дүниелік болған адамдарға құрмет көрсететін күн. Дәл осы күні християндар қайтыс болған туыстарының зиратын тазалап оның жақсылығын еске алады.

– Ал біз мұсылман емеспіз бе?,-деп сұрағымды қайта қойдым.

– Иә, Михайл Ивановичтің діні християн. Жаңа айыттым ғой Құдайдың бәрі жалғыз деп. Оның жақсылығын мен өлсемде ұмытпаймын. Сен де ұмытпау керексің! Сондықтан менің оған деген және де оның дініне деген құрметім ерек. Біз шоқынып не басқалай жүрген жоқпызғой. Әлхамдулиллә, АЛЛАға шүкір мұсылманбыз! Сондықтан да жаңағы әрекетіміздің барлығын мұсылманшылық деп ұқ! Тағы да қайталаймын, Миша атаң болмаса біз қазір пәтер-пәтерді аралап дала кезіп кетер ме едік?! Қайта рақмет де. Ертең сенің балаң Миша атаңның басына бармаса да сен баруға міндеттісің. Білесің бе ол сені қалай жақсы көрді? Тіпті менен қызғанатын ғой (күліп жіберді).

Мен ойланып біраз тұрып қалдым. Әкем “кеттік үйге, не істеп тұрсың?” деп қолымнан жетектеп алып кетті.

Соңы: Ауылға барған кезде алдымен «Қарекей» бейітіне аялдап ата-әжеме, туған туысқандарыма құран бағыштаймын.  Кейін Миша атамның басына барып бет сипаймын. Рас, Миша атама барған сайын Құран бағыштағым кеп тұрады. Бірақ ол кісінің діні басқа болғасын ба бәрібір жүректе бір қорқыныш болады екен.

Бірақ оған деген дұғам, тілегім ақ.

Жаныңыз жәннәт болсын Миша атам!

Жұма күні жазылған әңгіме.

Тәуірбек Бозекенов

30.07.2016

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *